Далаға жан бітірген ғалым

Сарыарқаның сайын даласы – тылсым тыныс пен тұңғиық тіршіліктің мекені. Күзде қураған шөптің сыбдыры, көктемде бүршік шашқан гүлдің иісі – осы өлкенің өз әуені, өз үні. Сол үнді ести білген, даланың тынысын сезіне алған сирек жандардың бірі – Мұхамбеталы Біржанов еді.

Ол туған жердің топырағын зерттеп, әр талдың тамырындағы құпияны ұғуға ғұмырын арнады. Сол ізденіс пен махаббат оны өмір жолының ең биік шыңына – Жезқазған ботаникалық бағының негізін қалаушы, тұңғыш басшысы және биология ғылымдарының кандидаты дәрежесіне жеткізді. Бұл естелік 1926 жылдың 20 желтоқсанында дүниеге келген ғалымның өнегелі өміріне арналған.
1939 жылы Жезқазғанда Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу базасы – Тәжірибе станциясы өз жұмысын бастады. Мекеме өңірдің табиғатын көгалдандыру мен өсімдік шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқарды. Алайда 1954–1956 жылдары негізгі міндеттері орындалған соң, станцияның қызметі уақытша тоқтатылды.
1957 жылы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың бастамасымен станцияның негізінде Ботаника институтының Жезқазған бөлімшесі қайта ашылды. Бұл бастама өңірдің ғылымы мен экологиясына жаңа серпін берді. 1966 жылы бөлім қайта құрылып, Қазақстандағы Орталық ботаникалық бақтың қарамағына беріліп, «Жезқазған ботаникалық бағы» аталды. Бақ Ұлытау облысының Жезқазған қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Қаракеңгір өзенінің оң жағалауында орналасқан. Оның жалпы аумағы – 62 гектар.
Ұлытау өңірінде ғылым мен табиғатты қорғау ісінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға – Мұхамбеталы Біржанов. Ол Қ.И.Сәтбаевтың тапсырмасымен 1957 жылы Сарыарқаның өсімдік әлемін зерттеу және сақтау мақсатында құрылған осы ғылыми орталықты басқаруға келген болатын. Табиғатты зерттеу ісін өркендететін, өндіріс пен экологияны ұштастыратын мекеме қажет екенін түсінген Сәтбаев жас та тәжірибелі биолог Біржановқа сенім артты.
Сол жылы Мұхамбеталы Біржанов Қазақ КСР Ғылым академиясының Ботаника институтының Жезқазған бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Кейін бұл бөлім ботаникалық баққа айналды.
Жезқазғанға келмей тұрып-ақ, Мұхамбеталы Біржанов ауыл шаруашылығы саласында білімді, тәжірибелі зерттеуші ретінде танылған еді. Ол 1949 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын «Дала шаруашылығы» мамандығы бойынша бітіріп, 1955 жылы Мәскеуде «Алматы облысының суармалы егіншілік жағдайында көпжылдық қара бидайды жоңышқамен бірге себудің азықтық және агротехникалық маңызы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Бұл еңбек мал азығы өндірісін жетілдіруге елеулі үлес қосты және одақтық деңгейде мойындалды.
Жезқазғанға келген алғашқы жылдары жағдай қиын болды. Жылыжай да, зертхана да, қажетті құрал-жабдық та болмады. Бірақ табандылық пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің арқасында Біржанов жас ғалымдарды маңайына топтастырып, иен даланы нағыз табиғи зертханаға айналдырды.
Оның жетекшілігімен Орталық Қазақстан флорасын жүйелі зерттеу басталды. Ғалымдар пайдалы, дәрілік және сирек өсімдіктердің түрлерін анықтап, олардың қорын, қолдану мүмкіндіктерін зерттеді. Басқа өңірлерден әкелінген өсімдіктерді жергілікті климатқа бейімдеу – интродукция жұмыстары қолға алынды. Соның нәтижесінде өңірде сәндік, жеміс-жидек және дәрілік өсімдіктердің алғашқы үлгілері өсіріле бастады.

1957–1986 жылдар аралығында, яғни отыз жыл бойы Мұхамбеталы Біржанов ботаникалық бақты басқарды. Ол қалыптастырған ғылыми негіз бүгінге дейін Орталық Қазақстан өсімдіктерін зерттеу ісінің берік тұғыры болып келеді. Біржанов көптеген жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беріп, олардың ғылым жолына түсуіне ықпал етті.
Мұхамбеталы Біржановтың арқасында бұрын жансыз жатқан дала тыныс алып, қатал табиғат жасыл үміттің мекеніне айналды. Ол: «Егер білім мен еңбекті, махаббат пен сенімді біріктірсек, шөлдің өзін де бау-бақшаға айналдыруға болады» – деп сенді.
Ботаникалық бақтың кіші ғылыми қызметкері болған әкем, Нұрғали Қасымбекұлы, сол жылдарды былай еске алады: «1960 жылы жас маман ретінде баққа жұмысқа келдім. Мені жылы жүзді, адамгершілігі мол басшының өзі қарсы алды. Ол мені жұмысқа қабылдап қана қойған жоқ, отбасыммен бірге тұруға мүмкіндік жасап, бақ аумағынан баспана берді. Тұрмысымызға қамқорлық танытып, сирек кездесетін “Рекорд” теледидарын сыйға тартты. Кешкісін ауыл болып бәріміз бірге телехабар көріп, бір үйдің адамындай едік. Сол сәттерде оның шынайы мейірімін сезіндім».
Біз, сол алпысыншы жылдардың балалары, сол бақта алғаш рет зертханада өсірілген жеміс-жидектер мен көкөністердің дәмін таттық. Ата-аналарымыз өсірген қауын, қарбыз, жүзім мен алма – бәрі ерекше тәтті болатын.
Ботаникалық бақтың алуан түрлі гүлдері көздің жауын алатын. Түр-түсі сан қилы, хош иісі аңқыған өсімдіктер бір-бірімен үйлесім тауып, ерекше табиғи сән беретін. Тәжірибе алқабы нағыз ұмытылмас оазиске айналды – адам мен табиғаттың тату еңбегі жарасқан мекен болды.
Мұхамбеталы Біржанов ғалымның қаталдығы мен ұстаздың мейірімін ұштастыра білген тұлға еді. Тәртіпті талап ететін, бірақ әр адамға әкелік қамқорлықпен қарайтын. Оның басшылығымен ботаникалық бақ ұжымы ортақ мақсатқа жұмылған үлкен отбасыға айналды.
Оның жетекшілігімен шөлейт климатқа бейім өсімдіктер табылып, солардың негізінде бүгінде «Жастар» көшесі бойындағы саябақ жасалды.
Бұл саябақ – Біржанов пен оның шәкірттерінің ерен еңбегіне қойылған тірі ескерткіш. Кезінде шаң басқан, сусыз алқап болған жерде қазір жасыл желек тербеледі.
Әрбір ағаш – табиғаттың тірі шежіресінен сыр шертетін парақ іспетті. Ол аптаптың ыстығын да, желдің ызғарын да көрген, адам қолының аялы жылуын сезінген өмір нышаны. Сол ағаштардың саясында тыныстаған әр адам ғалымның еңбегін іштей ризашылықпен еске алады.
Бүгінде Жезқазған ботаникалық бағы – Мұхамбеталы Біржанов бастаған игі істің заңды жалғасы. Мұнда өңір флорасы зерттеліп, өсімдіктердің электронды дерекқоры жасалып, сирек түрлер интродукцияланып келеді. 2000 жылдан бастап бақ «Ботаника және фитоинтродукция институтының» филиалы ретінде жұмыс істейді.
Бақтың дамуы – оны құрған ғылымдардың дәстүрін жалғастырған зерттеушілер еңбегінің жемісі. Олардың қатарында В.И. Ивлев, Т.Г. Дмитриева, К.М. Селиванова, С.Б. Аманов, М.Ю. Ишмуратова, Ж.Б. Нашенов және басқа да ботаниктер бар.
Олардың қажырлы еңбегінің арқасында бақ бүгінде Орталық Қазақстанның өсімдік әлемін зерттейтін маңызды ғылыми орталыққа айналды. Бұл – Қаныш Сәтбаев пен Мұхамбеталы Біржановтың табиғат пен ғылымның үйлесімін орнату жөніндегі ұлы арманының жалғасы.
Жезқазған ботаникалық бағы – бірнеше буын ғалымдарының жүрек жылуымен көгерген тірі ескерткіш. Ал сол еңбектің алтын арқауында табиғатты шексіз сүйген, табанды еңбегімен дараланған тұлға – Мұхамбеталы Біржанов тұр.
Оның есімі – адалдық пен еңбекқорлықтың, туған жерге сүйіспеншіліктің мәңгілік нышаны. Табиғат – оның өмірінің мәні болды. Ол туған өлкенің флорасын зерттеп, сирек өсімдіктерді сақтауға зор үлес қосты.
Айта кетейік, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1985 жылғы 27 наурыздағы Жарлығымен Мұхамбеталы Біржанов «Еңбек ардагері» медалімен, ал, 1972 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, ол салалық министрліктің Құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтарына ие болды.
Мұхамбеталы Біржанов артында ғылыми еңбектерімен бірге жүрек жылуын да қалдырды. Бүгінде ол еккен жасыл желек тамырын тереңге жайып, ғалымның рухына тағзым етіп тұрғандай.
Мұхамбеталы – Ұлытау өңіріндегі қасиетті Жырық–Сандыбай батыр бабаның ұрпағы. Тегі Қойайдардан тарайды: Қойайдардан – Біржан, Біржаннан – Мұхамбеталы. Ол адал еңбегімен елге өнеге болып, ұрпағына із қалдырған абзал жан еді. Балалары Мэлс, Шолпан, Сәуле және Қарлығаш бүгінде Жезқазған мен Алматы қалаларында тұрып жатыр. Әрқайсысы әке жолын абыроймен жалғастырып, ұрпақ өсіріп, өркен жайып отыр.
1999 жылдың 29 маусымында Мұхамбеталы Біржанұлы, ал зайыбы Минура Сүлейменова 2005 жылдың 8 тамызында отбасының ортасында дүниеден өтті. Олардың жарқын бейнесі мен ізгі істері кейінгі ұрпақ жүрегінде мәңгі сақталады.
Қорытындылай келе, Жезқазған қаласының тарихында ерекше орын алған «Жастар» саябағы – адал еңбектің, жанашырлық пен табандылықтың жарқын үлгісі. Осы саябақты өз перзентіндей аялаған ғалымның есімін оған беру – уақыт талабы әрі ұрпақтың құрметі. Бұл бастама – өткенге тағзым және еңбекті қадірлеудің көрінісі болмақ. Өйткені, 2026 жылы Мұхамбеталы Біржановтың туғанына 100 жыл болады.

Ерғали ҚАСЫМБЕКОВ,
ҚР ІІМ Құрметті ардагері.