Көгілдір отын – ел үміті, ауыл арманы

Ауылдың үстінен сыздықтап көтерілген түтін — тіршіліктің де, тауқыметтің де белгісі. Қыстың қақаған аязында пеш жаққан жұрттың еңбегі мен төзімін тек ауылда тұрған адам ғана түсінеді. Бірақ XXI ғасырда, мұнай мен газ дәуірінде өмір сүріп отырып, көмірдің қара күйесіне батып отырған ауылдарымыздың жағдайы ойландырады.

Өзеннің жағасында отырып шөліңді қандыра алмау қандай қиын болса, құбырдың іргесінен өтіп жатқан газдың қызығын көрмеу – соның дәл өзі. Ұлытау ауданына қарасты кейбір ауылдардың ахуалы дәл сондай. Құмкөлден тартылған мұнай құбыры бір жағымен Қытайға, бір жағымен ел астанасына бағыт алса да, жолай өткен ауылдарға жылу мен жеңілдік әкелмей, үнсіз өтеді.
Тұрғындар үмітін үзген емес. Әр жиналыста, әр жиында «Қашан газ келеді?» деген сұрақ қайта көтеріледі. Бұл – тек тұрмыс қамы емес, бұл – ел мен қала арасындағы теңдік мәселесі. Қала халқы көгілдір отынды жағып, пеш түтінін ұмытқалы қашан, ал ауылдағылар әлі күнге дейін шелек ұстап күл төгіп, қолдары күйе болып жүр.
Көмірдің бағасы жыл сайын емес, ай сайын өсіп отыр. Шұбаркөл мен Қарағандыдан келетін қара отынның бір вагонын түсіру үшін бір үй малын сату қалыпты жайтқа айналды. Бір қысты аман өткізу үшін кейде елдің еншісіндегі жалғыз биесін немесе сиырын сатуға мәжбүр. Бұған қарамастан, кей үйдің пешінің түбінде жылу емес, ызғар сезіледі.
Газ келсе, ауылдың тұрмысы түбегейлі өзгерер еді. Үйдің іші түтінсіз, ауасы таза, өмірі жеңіл болар еді. Қолын жылы суға малып, балалары сабақ оқуға жайлы ортада өсер еді. Ең бастысы – ауылдағылар өздерін елдің екінші санатына емес, тең азамат ретінде сезінер еді.
Мемлекет ауылды дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалар қабылдап жатыр. Бірақ газ тарту – олардың ең өзектісі. Өйткені, бұл жай ғана инфрақұрылым емес, бұл – ауылдың болашағына, халықтың денсаулығына, тұрмыс сапасына, тіпті елдегі демографияға әсер ететін шешім. Газ келсе, ауылдан қалаға ағылған жастардың бір бөлігі қайта оралар еді.
Көгілдір отын – тек энергия көзі емес, ол – үміттің оты. Сол от ауылдың әр шаңырағына жетсе, елдің еңсесі көтеріледі. Өйткені газ – тек тұрмыстың емес, өркениеттің нышаны.
Ұлытау даласында тарих пен табиғат қатар өрілген. Енді соның төрінде отырған ауылдардың да тұрмысы заман көшінен қалмаса екен дейсің. Құбыр іргемізден өтіп жатқанымен, жылуы ішке ене алмай тұрғаны – бүгінгі шындық. Бірақ ел үмітін үзбейді: «Бір күндері біздің ошақтан да көгілдір жалын лаулайды» деген сенім бар.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.