Жаңаарқалықтар рекорд жаңартты

Жаңаарқа ауданы тағы бір ерекше жетістігімен ел назарын аударды. Бұл жолы өңір шеберлері тұңғыш рет аудан көлемінде 500 ұлттық нақыштағы шапан тігіп, Қазақстан рекордтар кітабына енді.

Игі істің бастамашысы – жаңаарқалық азамат Қайсар Сейпишев. Оның айтуынша, жобаның басты мақсаты — рекорд орнату ғана емес, ұлттық құндылықты жаңғыртып, қайырымдылықты насихаттау.
– Бұл ой маған бала күнгі естеліктерден туды. Шешем тіккен шапандарды киіп өстім. Бір күні сол үлгімен 500 шапан тіксек қалай болар екен деп ойладым. Осылайша көгілдір түсті, өңірге тән ою-өрнегі бар ерекше шапандар дүниеге келді. Қазір оны «Жаңаарқа бренді» деуге толық негіз бар, – дейді Қайсар Сейпишев.
Жобаға ауданның 17 ісмері қатысып, мыңға жуық шапан тікті. Соның 500-і рекордтық көрсеткішке енсе, қалған бөлігі қарттар үйлері мен әлеуметтік мекемелерге сыйға берілді. Бірқатары өңірге келген қонақтарға естелік ретінде тарту етілді.
Эльмира Ержанова жетекшілік еткен тігіншілер тобы әр шапанды бірегей ұлттық өрнекпен безендірген. Айта кетерлігі, мата мен материалдың барлығы шеберлердің өз қаражатымен алынған. Бұл олардың істің рухани мәнін терең түсініп, ел игілігіне ниетпен атсалысқанын көрсетеді.
Рекорд тіркеу рәсімінде 600-ге жуық жаңаарқалық тұрғын бір мезетте көгілдір шапандарын киіп, сахнаға шықты. Бұл көрініс ел бірлігі мен дәстүрге деген құрметтің айқын белгісіне айналды.
Шара аясында 4,5 тонна ет өңделіп, 22 жылқы сойылды. 500 табақтан астам ет Жезқазғандағы балалар үйіне, қарттар үйіне және Ұлытау мен Қарағанды облыстарындағы медреселер мен оңалту орталықтарына таратылды.
Жаңаарқалық шеберлердің бұл еңбегі – ұлттық мұраға деген сүйіспеншілік пен бірлік рухының жарқын үлгісі. Тек тігін өнерін ғана емес, қайырымдылық пен адамгершілікті де қатар дәріптеген бұл бастама ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Айта кетсек, бұған дейін жаңаарқалықтар мың күбі пісіп, рекордтар кітабына енген болатын. Енді, міне, сол жетістіктерін жалғап, дәстүр мен еңбек үндестігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.