Жер – халықтың қазынасы
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жер мәселесі әрбір қазақстандықты толғандыратын аса маңызды тақырып екені сөзсіз. Президент «Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек» деп нақты атап өтті. Бұл – ел болашағына тікелей қатысты ұстаным.
Соңғы жылдары қайтарылған 13,5 миллион гектар жердің игеріліп, халық игілігіне қайта ұсынылуы – ауыл шаруашылығын жандандыруға, жайылым тапшылығын шешуге үлкен мүмкіндік. Дегенмен, Президенттің айтуынша, қайтарылған жердің бір бөлігі ғана айналымға енгізілген. Бұл бағытта әкімдіктерге берілген тапсырмалар ауыл-аймақтың дамуына тың серпін беретіні анық.
Жер – ұлттың ортақ байлығы. Ол бос жатпауға тиіс. Сондықтан жерді цифрлық жүйе арқылы әділ бөлу, электронды конкурстар өткізу – әділеттілікті қамтамасыз ететін маңызды қадам. Бұл ауыл тұрғындарының сенімін арттырады әрі қағазбастылықтан арылтады.
Космомониторинг, геоталдау, жасанды интеллект сияқты жаңа технологияларды қолдану – жер ресурстарын тиімді игеру жолындағы заманауи шешім. Мұндай тәсіл жердің сапасын бағалауға, өнімділікті арттыруға, орман мен жайылымды қорғауға нақты мүмкіндік береді.
Президент тапсырмалары – ауыл шаруашылығының өркендеуіне, жердің шынайы иесіне берілуіне бағытталған тарихи қадам. Ең бастысы, бұлардың барлығы халықтың тұрмысын жақсартып, елдің әлеуетін арттыруға қызмет етеді.
Гүлім БАЙМАҒАНБЕТОВА,
«Ұлытау ауданының
орталықтандырылған
кітапханалар жүйесі» КММ әдістемелік-библиографиялық
бөлімінің меңгерушісі.