Менің сыныбым буллингке қарсы!
Бүгінгі қоғамда өскелең ұрпақтың дені сау, жан-жақты дамыған, ең бастысы – бір-біріне құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуы басты назарда. Балалардың физикалық және психологиялық қауіпсіздігін қорғау – мемлекетіміздің де, мектеп ұжымының да ең маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта елімізде «Менің сыныбым буллингке қарсы!» республикалық челленджі ұйымдастырылып, жасөспірімдерге достық, өзара түсіністік пен қолдау сынды құндылықтарды дәріптеуге бағытталып отыр.
Ұлытау ауданындағы №1 мектептің 5 «А» сынып оқушылары аталған бастамаға ерекше ынтамен қатысты. Оқушылар өзара пікір алмасып, сынып ішінде ешкімді шеттетпеу, барлығына қолдау көрсету және достықты басты ұстаным ету жөніндегі ойларын ортаға салды. Әрбір бала өз көзқарасын ашық айтып, буллингтің алдын алу жолдарына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Бұл шара оқушылардың бойында жауапкершілік сезімін арттырып қана қоймай, оларды ұжымшылдыққа тәрбиелеуге де үлкен ықпал етті.
Жоба аясында балалар тек пікір білдіріп қана қоймай, «Жақсылықты тарат, жамандықты тоқтат!» ұранымен түрлі плакаттар мен комикстер әзірледі. Әр туындыда балалардың шынайы ой-пікірлері, достыққа деген көзқарастары, мейірімділікті насихаттауға бағытталған үндеулері көрініс тапты. Әсіресе, әзірленген комикстер балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, буллингтің салдарын көрнекі түрде түсіндіруге мүмкіндік берді. Ал, плакаттар мен ұрандар мектеп ұжымына үлкен ой салып, кез келген ортада бір-біріне қолдау көрсетудің маңыздылығын айшықтай түсті.
Челленджге қатысу арқылы 5 «А» сыныбы оқушылары достық пен сыйластықты ең жоғары құндылық ретінде бағалауды үйренді. Олар бұл шарадан тек білім ғана емес, өмірлік маңызды тәжірибе де алды. Мұндай игі бастамалар жас буынның адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, мектеп қабырғасында жылы, сенімді атмосфера орнатуға жол ашады. Ұжымдағы сыйластық пен бірліктің артуы – әрбір оқушының өзін қауіпсіз әрі бақытты сезінуіне негіз болады.
«Менің сыныбым буллингке қарсы!» челленджі – балалар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, олардың бір-біріне қамқор болуына жол ашқан маңызды шара. Бұл бастама жалғасын тауып, еліміздің әр мектебінде мейірімділік пен сыйластықты қалыптастыруға қызмет етері анық.
А.МЫҢБАЙ,
сынып жетекшісі.