Су тапшылығы – мерзім мәселесі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын жариялап, жұртшылықтың көкейіндегі біраз мәселенің түйінін тарқатты. Президенттің Каспий теңізіне қатысты айтқан сөзі – тек экологияға ғана емес, тұтас аймақтың болашағына қатысты ескерту.
Қазірдің өзінде су тапшылығы – ауыл шаруашылығына, өндіріс пен тұрмыстық қажеттіліктерге үлкен қысым жасап отырған мәселе. Су үнемдейтін технологияларды баяу енгізу, заңсыз су бұру және «қара нарықтағы» сауда жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Бұл ретте құқық қорғау органдарының бақылауды күшейтуі – уақыт талабы.
Арал теңізін сақтап қалу тәжірибесі – дұрыс жоспар мен ұзақ мерзімді табандылық болса, нәтиже болатынын дәлелдеді. Солтүстік Аралдың қайта жандана бастауы – соның айғағы. Енді дәл осындай жүйелі және халықаралық деңгейде келісілген шаралар Каспий үшін өте қажет. Өйткені Каспий – бір ғана елдің емес, бүкіл өңірдің ортақ байлығы.
Қазақстан Президентінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясында Су мәселелері жөніндегі кеңес құру туралы ұсынысы – аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған аса маңызды қадам. Шынымен де, Каспий маңындағы мемлекеттердің өзара күш біріктіріп, мүдделі негізде әрекет етуі ғана теңізді сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Су үнемдеу мәдениеті – бұл жерде ең бастысы. Технология мен қаржы қанша құйылса да, егер қоғамда суды тиімді пайдалану дағдысы қалыптаспаса, нәтиже ұзаққа бармайды. Сондықтан әрбір азаматтың судың құнын түсініп, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінуі – қажет.
Осы ретте, бабалардан қалған «Судың да сұрауы бар» деген тәмсілдің бекерден бекер айтылмағанын түйсінген жөн.
Шортан ҚАБИЕВ,
Ұлытау аудандық мәслихатының
депутаты.
АМАНКЕЛДІ ауылы.