«ГИППОКРАТ АНТЫ» және оның «МҰРАГЕРЛЕРІ»

«Гиппократ анты» дегенде ойымызға дәрігерлер оралары сөзсіз. Өйткені, сырқаттың жай-күйі жайлы әңгіме қозғалғанда «Ол Гиппократ антын қабылдады ғой, ендеше емдеуге міндетті» деп жатамыз. Ал, медицина қызметкері қандай да бір кемшілік жіберіп, әлде, бір заңсыз әрекетке барса, «Гиппократ антын бұзды» деп сөге бастаймыз. Десек те, сол анттың мәтіні қандай, онда нақты не туралы айтылғанынан көбіміздің біле бермейтініміз де рас…

Гиппократ анты

Аполлон дәрігердің, Асклепийдің, Гигиея мен Панакеяның және түрлі тәңірлер мен тәңіриялардың атын атап, оларды куәға тарта отырып, мына серт пен жазбаша шартты шама-шарқымның жеткенінше адал орындауға ант етемін: өзіме дәрігерлік өнерін үйреткен кісіні ата-анаммен бірдей көремін, оған барымды бөліп беремін, әрі қажет жағдайда оның жоғын табуға көмектесемін; оның ұрпақтарын бауырларым деп есептеймін, егер олар осы өнерді үйренгісі келсе, оларға тегін әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ сабақ беремін; оқу үстінде айтар ақылымды, ауызша сабақтар мен ілімдегі қалған жайлардың бәрін өз балаларыма ұстазымның балалары мен медицина заңы бойынша серттескен, ант беріскен шәкірттерімен хабарлаймын, басқа жанға айтпаймын. Аурулар режимін, зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып, шама-шарқымның барынша оларға пайдасы тиетіндей етіп жасаймын.

Ешкімге кісіні өлімге ұшырататын дәрі бермеймін әрі оны жасау тәсілін көрсетпеймін; тап осылай әйелге түсік түсіретін пессарий ұсынбаймын. Өмірде, өнерде де таза әрі адал боламын. Тас ауруларымен сырқаттанғандардың денесін ешқашан кеспеймін, мұны осы іспен айналысатын кісілерге тапсырамын. Қайсы үйге кірсем де, аурудың қамын ойлаймын, әдейі қиянат пен қастандық жасаудан, әсіресе, әйелдер мен еркектер азат адамдар мен құлдар арасындағы махаббаттан аулақпын.

Емдеу кезінде, сондай-ақ, емдемеген кезде де, адам өмірінің ішіндегі мүлдем жариялауға болмайтын жайларды көргенімді немесе естігенімді құпия есептеп, жан баласына айтпаймын. Антты бұлжытпай орындағаным үшін өмірде де, өнерде де бақытты болып, ел арасында мәңгілік даңққа бөленгеймін; жалған ант беріп, қылмыс жасағандарды ант атсын.

Міне, бәріміздің «Гиппократ анты», деп дабыралап жүрген «құпия құжаттың» мәтіні осындай. Әйтсе де, ол уақыт өте келе өзінің бастапқы нұсқасынан өзгере бастады. Яғни, заман ағымына сай, сол қоғамның икеміне бейімделіп, қайыра жазылды. Нақтырақ айтқанда, КСРО тұсында «Кеңестік дәрігердің анты» ааталатын ант пайда болды. Ол жетпісінші жылдардың басында бір топ дәрігердің шешімімен бекітілді. Әдепкі Гиппократ антынан айырмашылығы – онда дәрігерлердің коммунистік мораль қағидаттарына сай жұмыс істеуі де қарастырылған. Солай болса да, жалпақ тілде «Гиппократтың анты» деп аталып жүре берді.

1999 жылы Ресей заңнамасымен ресейлік дәрігерлердің анты қабылданды. Көп ұзамай бұл тәжірибеге Қазақстан да көшіп, 2003 жылы «Қазақстан Республикасының дәрiгерi антының мәтiнiн бекiту туралы» Үкімет қаулысы шықты. Кәдімгі «Гиппократ антымен» салыстырғанда мұнда «қазақстандық» ерекшеліктер бар.

Қазақстан республикасы дәрігерінің анты

Медицина қауымдастығына өз еркіммен кіріп, мен (аты-жөні) жазбаша міндеттеме алып, оны адал орындауға салтанатты түрде ант етемін. Болашақта халқыма қалтқысыз қызмет етіп, медициналық қауымдастықты дәстүрлі мейірбандылықпен дамыта отырып сақтауға және науқастың жазылып, дені сау болуы – қызметімнің басты принципі, менің жоғарғы бағам үшін ант етемін.

Өзіме дәрігерлік өнерді үйреткен кісіні, оған деген ізгі ниетімді, сый-құрметімді мәңгі-бақи сақтайтындығым үшін ант етемін.

Кез-келген адамға дәрігерлік көмегім қажет болғанда бас тартпай орындаймын; ең алдымен аурудың қамын ойлаймын; дәрігерлік өнерге қызығушылық танытатын адамдар немесе әріптестерім менен көмек талап етсе, оларға ақылкеңесімді, керек болса, тегін, әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ көмектесемін деп ант беремін.

Жариялауға мүлдем болмайтын дәрігерлік құпияны, сондай-ақ, маған сеніп айтқан жеке сырларын ешкімге, тіпті, ол қайтыс болып кетсе де жарияламайтындығым үшін ант етемін.

Медицина жетістіктерімен үнемі танысып, дәрігерлік шеберлігімді үздіксіз дамытып, «адамгершілік» атты ардан өзімді жоғары ұстаймын деп ант етемін.

Барлық іс-қимылдарымды Қазақстан Республикасының Дәрігерлік Этика қағидаларына сай жасаймын деп міндеттеме аламын.

Осы антты өз еркіммен, адал жүрегіммен беремін. Дәрігерлік парызымды ар-ожданыма сүйеніп орындаймын.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ