Ұлытаудың ақиығы ақын Тайжан

Әуелден менің ойым журналистика бөліміне оқуға түсу болатын. Бірақ, қабылдау комиссиясы газет-журналдарға шыққан материалдар керек деп, алғашқы сәттен бетімді қайтарып тастады және филология факультетіне түсуге кеңес берді. Олардың кеңесімен кұжаттарымды тіл маманын даярлайтын факультетке тапсырдым. Сәтін салып сол жылы емтиханнан сүрінбей өтіп, қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті болып қабылдандым. Еңбек пен оқуды қатар алып жүру қанша қиын болса да өзімнің білімге құштарлығымның, еңбекқорлығымның арқасында жазғы, қысқы сессиялардан сүрінбей өтіп жүрдім. Бізге әдебиетшілер Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев сынды білімді ұстаздар дәріс оқыды. Олар лекцияларында қазақ ауыз әдебиетінің дамуы, оның орыс әдебиетімен байланысы туралы айта келіп, қазақ әдебиеті өзіне дейін ғасырлар бойы жасалған мол мұрадан нәр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыта отырып, тың тақырыптар игеру, соны соқпақ‑сораптар қалыптастыру нәтижесінде кемелденді дей келе, қазақ поэзиясының дамуына Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Төле би, Қожаберген Толыбай, Бұқар, Дулат, Шортанбай шығармалары жыраулық поэзияның дамып, өркендеуіне айрықша әсер етті дейтін. Олар кешегі Алаштың асыл азаматтары Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов, Әлихан Ермеков, Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатов және тағы басқалардың творчествосына қорқақтай, атүсті, жеңіл‑желпі ғана тоқталып өтетін. Сүйіншәлиев Кенен Әзірбаевтың, Сүйінбай Аронұлының, Жамбыл Жабаевтың шығармаларына айрықша тоқталатын.
Сөйтіп жүргенде, алақанға салған құмдай сусып, бес жыл бір күнгідей болмай өте шықты. Алдағы жазда мемлекеттік емтихан болады. Курстастарым өздері білетін, көңіліне жақындау, бұрын олардан диплом жұмыстары қорғалмаған білікті ақын‑жазушылардың творчествосынан диплом жұмысын қорғауға тапсырма алып, оны кеңесте бекіттіріп алып жатты. Міне, осы сәтте мен де көп іздендім, толғандым. Филология ғылымының докторы Мырзабек Дүйсеновке жолығып, Ұлытау өңірінің тумасы, Қазақстанның 1936 жылы Мәскеуде өткен әдебиет пен мәдениетінің онкүндігіне қатысып, өнерімен танылған Тайжан Қалмағанбетовтың шығармашылығын диплом жұмысымның тақырыбы етіп алуға кеңестім, дұрыс ұсыныс екен дегесін оны университеттің оқу бөліміне барып «Тайжан Қалмағанбетовтың өмірі мен творчествосы» деген айдармен бекіттіріп алдым. Содан күндіз‑түні іздену, жазу басталып кетті. Алматыдағы Ұлттық кітапханаға барып, Мәскеуде өткен онкүндік жайлы толық мағлұмат және фотосуреттер алдым. Қарсақбайға барып, Тайжекеңмен айтысқан Болман ақын Қожабаевпен сөйлесіп, келген шаруаны айтып, әңгімеге тарттым, бірақ біраз жасқа келіп қалған ақсақал милицияда істейтін баласы үшін қорыққан болуы керек шешіліп ештеңе айта қоймады. Бұл тақырып маған өте ауыр тиді. Сөйтсем, Тайжекең Мәскеуден оралғаннан кейін Қарсақбай, Ұлытау өңірін аралап, халықтың алдында өнер көрсетеді. Ол осы сапарында Қызылордаға дейін барып қайтады. Ақынның халықпен кездесуі табысты өтеді. Өкінішке орай, жезтаңдай әнші, суырып салма ақын 1937 жылы жазда біреулердің өтірік жала жабуының салдарынан «халық жауы» атанып ұсталып кетеді. Ол заманда «Сталиндік» террордың қармағына мұндай жаламен іліккен жанның сол тұста елге аман‑есен оралғаны болмаған. Қайран Тайжекең де «үштіктің» үкімімен атылып, мүлдем хабарсыз кеткен. Ол кеткеннен кейін оның туыстары бір‑бірінің амандығын сұрауға да жасқанған. Ақынның балалары қуғынға ұшырайды. Олар әкесінің атын атауға да қорыққан. Мен бұл жағдайдан тіптен хабарсыз едім. Жезқазған кен‑металлургия комбинатының партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқаратын ақынның ағасының баласы Жәлел Шубаевич Қалмағанбетов бұл тақырыпта менімен сөйлесуден қашқақтады, онысын мен түсінбей қайран қалдым.
1971 жылы Жезқазғанға әйгілі ақын Жүрсін Ерман отбасымен Алматыдан көшіп келді. Ол қалалық телестудияның әдеби хабарлар редакциясына аға редактор, Бақытжамал диктор болып орналасты. Жүрсін осыған дейін оңтүстік астанада тұрып тұрмысымызға енді–енді ене бастаған хабар таратудың жаңа саласы телевизияда қызмет істемегенімен Алматыда жуырда ғана пайдалануға беріліп, халықтың сүйіктісіне айнала бастаған республикалық студияның телевизиялық хабарларын көріп, шамалы болса да тәжірибе жинақтаған, бұрнағы жылдары Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде тілші болып қызмет атқарған көзі ашық, көкірегі ояу журналист Жезқазған телестудиясына келген бетте «Әдебиет қазынасы», «Бізде қонақта», «Өнер шежіресі», «Сарыарқа кештері» секілді айдарлармен соны хабарлар дайындады. Студияның жұмысына жаңа леп әкелген тосыннан келген мұндай хабарларды көрермендер өте жылы қабылдады және айтқан мезгілінде эфирге шықпай қалса іздейтін болды. Жүрсіннің «Өнер шежіресі» деген айдармен берілген бір хабары Ұлытау өңірінің жезтаңдай ақындары мен айтыс, ақындары Болманның, Тайжанның, Нұрғалидің шығармашылығына арналды. Хабарда Тайжекеңнің Мәскеу онкүндігінде айтылып, орысшаға аударылып Одақтық газеттерге шыққан өлеңдері диктордың орындауында оқылып, Тайжанның Болманмен, Бекежанмен, Нұрғалимен айтысқан айтыстарынан үзінділер берілді. Фотосуреттері телекөрермендерге көрсетілді. Сол уақыттарда «үндеместердің» бақылауында тұрған адам туралы айту да екінің бірінің қолынан келе бермейтін өте қауіпті шаруа екен. Тайжекең туралы біздің өңірде бірінші болып жария еткен Жүрсін болды. Бұл да ерлікке бергісіз, күрмеуі шешуге қиын шаруа еді. Осыдан кейін‑ақ Тайжекең туралы басқа да газет‑журналдар айта бастады. Сөйтсек, кешегі Н.Хрущевтің елдегі жылымығы кезінде Т.Қалмағанбетовтың ақталғаны туралы еліміздің Бас прокурорының арнайы қабылдаған үкімі бар екен. Ол туралы оның туысқандары, не балалары білмей, жылдар бойы хабарсыз күй кешкен. Егер осыған қозғау салған Жүрсіннің хабары болмағанда дарынды ақын, қазақ өнерінің майталманы, халқының күйзелген хал‑жайын өзінің жырларымен шынайы көрсете білген Тайжекең есімі уақыт өте келе халық жадынан мүлде жоғалар еді. Мен диплом жұмысымда Тайжекеңнің қазір есімде жоқ көптеген белгісіз туындыларын жарыққа шығардым. Диплом жұмысын бастырып, жетекшім Мырзабек Дүйсеновке бір данасын бердім. Ертеңіне ол мені шақырып алып: – Сен Тайжан тақырыбын жеткілікті дәрежеде ашып көрсеткен екенсің. Бұл ақынның творчествосын одан әрі тереңдете зертте, ізден, – деді. Ал, дипломды ойдағыдай қорғап, елге келген соң жұмыстан қол босамай Тайжан тақырыбы, марқұм жетекшім Мырзабек аға тапсырған шаруа аяқсыз қалды. Соған осы күні қатты өкінемін. Шерхан ағамыз айтпақшы «Бір кем дүние» – деген осы. Жазықсыз «халық жауы» атанып жапа шеккен, қуғын‑сүргін кезде атылып кеткен Тайжекең туралы тұстасы, халық ақыны Кенен ақын: «Тайжекеңнің әні де ерекше еді, ағызып айтатын, төгіп сөйлейтін» десе, қазақтың ғұлама ғалымы Қаныш Сәтбаев: «Тайжан халықтың таусылмайтын ән қоймасы, сарқылмайтын тау бұлағы, Тайжекеңнің өте жақсы білетіні – ән. Арқаның Біржаны, Ақан сері, Балуан Шолақ, Ғазиз, Құлтума сияқты атақты композиторларының әндерінен оның білмейтіні жоқ. Тайжанның ерекше көп білетіні туған нағашысы Ыбырай Сандыбайұлының әндері. Өзі де тамаша әндер шығарды» – деді. Академик, жазушы, сыншы Мұхаметжан Қаратаев: «Тайжан – жаңа заманға үн қосқан жыршы, орақ ауыз, от тілді ақын, өзінің үлкен талантының арқасында Қазақ Совет әдебиетінің шоқтығын биікке көтергендердің бірі болатын» – деп Тайжекеңнің қазақ өнері саласындағы еңбегін зор бағалады. Ендеше артына өшпестей із қалдырған өнерлі тұлғаның қазақ елі тұрғанда есімі ешқашан өшпейді. Ұрпақтарының есімінде мәңгі сақталады.

Шамхан РАХМЕТОВ.