«Қара тізім» мерзімі қысқарады

Коллекторлық агенттіктердің кейбір негізсіз әрекеттеріне тосқауыл қойылмақшы. Сенаторлар қабылдаған заң оларға бөгде адамдардың телефон нөмірлерінен борышкерлерге хабарласуға тыйым салады. Бұдан бөлек, агенттіктер борышкермен сөйлесудің кез-келген процесіне бейне және аудиожазба жүргізуге міндетті болады.

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Онда жоғарыда аталған мәселелер атап көрсетілген.

Сонымен қатар, несие тарихына қатысты өзгеріс те енгізілді. Бұрын оны сақтау мерзімі 10 жыл болса, қабылданған түзетулерге сәйкес, бұл мерзім 5 жылға дейін қысқарады. Яғни, банктер қарыз төлемдерінің мерзімін өткізіп алған адамдарға 10 жыл несие беруден бас тартатын болса, енді «қара тізім» мерзімі 5 жылға дейін қысқартылды.

Заңға енгізілген өзгерістің тағы бір жағымды жағы – банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша проблемалы берешектерді сотқа дейінгі реттеу тетіктерін жетілдіру. Енді мерзімі өткен несиелер бойынша берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық тәртібі көзделіп отыр. Ол банктердің қарыздарына ғана емес, сондай-ақ, микроқаржы ұйымдарының несиелеріне де қолданылады. Сондай-ақ, қарыз алушылардың өтініштерін қарау мерзімі 180 күннен 90 күнге дейін қысқартылды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ