Ардагерлермен ақжарқын әңгіме
Ұлылар мекені – Ұлытауға Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев келді. Қайраткер ғалым аудандық мәслихаттың мәжіліс залында еңбек ардагерлерімен кездесті. Көңілге қонымды маңызды шараға аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ташенов және өңір ардагерлері қатысты.
Ардагерлермен дидарласуда Өмірзақ Озғанбайұлы ұлт ұясы – Ұлытаудың қасиеті мен маңызын тереңірек әңгімеледі. Әңгіме барысында қайраткер ғалым еліміздің дамуына және өскелең ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелер туралы айтты.
Сонымен қатар, республикалық
ардагерлер ұйымының бүгінгі жұмыстары жайында әңгіме өрбітіп, қоғамдық ұйымның алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өмірзақ Озғанбаев – елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері. ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі, педагогикалық ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, тарих ғылымдарының докторы.
Осындай қоғам қайраткерінің
ұлт мүддесі мен елдің саяси өмірі жайында айтқан ұстамды ойлары, ардагерлерге қаратылып айтылған ұлағатты сөздері адамның ой-өрісін толтыратындай әсерлі әрі салмақты болды.
Келелі кездесуде Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Әлімбек Жандарбеков Ардагерлер ұйымына қатысты бірқатар мәселелерді алға тартты. Сұрақ қоя отырып, өңірлердегі ардагерлер кеңесіне арнайы қаржы қарастырылса, зейнеткерлердің еңбегін бағалау мақсатында төсбелгілер әзірленсе деген ұсынысын да қоса жеткізді. Қойылған сауалдардың барлығына
Өмірзақ Озғанбайұлы орнықты әрі дәйектелген негізде жауаптар қайтарды.
Мәнді басқосуда аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов қайраткер ғалымның иығына шапан жауып, «Ұлытау» кітабын сыйға тартты. Өз кезегінде Өмірзақ Озғанбаев жиынға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Жарасымды жүздесу мен келісті кездесуден әсер алған ұлытаулықтар қоғам қайраткерін құрметтеп, Жезғазған қаласына шығарып салды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.