Талқыда – өзекті мәселелер

Аудан басшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті,
деп хабарлайды аудан әкімінің
баспасөз қызметі. Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және жауапты сала өкілдері қатысты.

Алқалы жиынның күн тәртібіндегі шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары және киіктердің жер телімдеріне таралуының алдын алу шаралары,
«Көкмайса» этнофестиваліне дайындық барысы мен өзге де ұйымдастыру және ағымдағы сипаттағы мәселелер талқыланды.
Жиында бірінші және екінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов баяндама жасап, аудан көлемінде жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы кеңінен ақпарат берді.
Оның айтуынша, шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Сонымен қатар, киіктердің егін алқаптарына таралуын болдырмау бағытында жергілікті шаруашылықтармен бірлесе алдын алу шаралары қолға алынған.
Аудан әкімі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырып, жұмыстарды күшейту қажеттігін ескертті.

«Көкмайса» ұлттық тағамдар мен
салт-дәстүрлер этнофестивалін жоғары деңгейде өткізу – ауданның мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Дайындық барысы бойынша баяндамада логистика, қатысушыларды іріктеу, сахна
мен алаң әзірлігі секілді негізгі бағыттар қамтылды.
Аудан басшысы ұйымдастырушыларға нақты міндеттер жүктеп, фестивальдің мазмұнды әрі қауіпсіз өтуі тиіс екенін қадап айтты.
Жиын барысында аудан әкімі ауылдық округ әкімдеріне жолдарды жоспарға сәйкес тазалау, көшелердегі жарық жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ қараусыз жүрген үй жануарлары мен қаңырап бос тұрған тұрғын үйлер мен ғимараттарға қатысты нақты тапсырмалар берді. Бұл мәселелер бойынша бақылау шаралары күшейтіліп, тиісті бөлімдерге хаттамалық тапсырмалар бекітілді.
Жиын соңында күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша жауапты мекемелер мен әкімдерге нақты мерзімдер мен міндеттерге сай тапсырмалар жүктеліп, жиын қорытындысы хаттамаланды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.