Мемлекеттік рәміздер – ұлттық құндылық

Ежелден еркіндікпен өмір сүріп, еңселі ел болуды әр уақытта айбар еткен бабаларымыз «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» дегенді айтқан еді. Ал сол егемендіктің ең басты нышандары, Тәуелсіздікті білдіретін мемлекеттің рәміздері. Рәміздеріміз сарқылмас қазына, асыл мұра болып табылады. Біздің мемлекетіміздің рәміздері – Ту, Елтаңба, Әнұран. Олардың әрқайсысының мәні, өз орны, тарихы бар.

1992 жылғы маусым айының 4 жұлдызы Қазақстан Республикасы тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күн еліміздің мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны дүниеге келген күн ретінде мәңгі тарихта қалды. 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Осы заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Мемлекеттік рәміздер мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы болуы керек. Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші іспеттес.
Мемлекеттік рәміз бойынша елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады. Өйткені онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр. Сондықтан ол отансүйгіштік сезімнің бастау көзі бола алады. Айбынымызды асырған Мемлекеттік Рәміздерді құрметпен ұлықтау – әр азаматтың парызы.

Ақнұр ДОМБАЕВА,
Ұлытау аудандық сотының сот әкімшісі басшысы.