Қисық қалам

Ассалаумағалейкүм, әзіл десе әйелін, қалжың десе күйеуін ұмытатын күлкісүйер қауым! «Мұнан да жаманымызда тойға барғанбыз» дейтін қазақпыз ғой. Жағадан алған қатерлі індет пен етектен тартқан тарыншылықты да әжуалап, әлеужеліде «әләулайлап» жүргеніміздің өзі – сол әзіл-қалжыңның арқасы.

«Ойын-күлкі – дәрумен» депті бір данышпан. Сол айтқандай, көңілді көтеріп, дертке дауа болсын деген ниетпен 1 сәуір – Күлкі күні қарсаңында газет бетінде «Қисық қалам» әзіл-оспақ отауына орын беріп, тұсауын өздеріңізге кестіргелі отырмыз. Қабыл алыңыздар!

«Ол жақта да бір сварщик бар шығар»

Марқұм Қуанышбек Бижанов директор болғанға дейін «Урожайный» (Егінді) совхозында бас инженер болып қызмет еткен еді.

Бір күні аудандық партия комитетінің бюросы өтетін болып, Қақаңды жедел шақыртады. Ауылдағы жөндемді көліктің бәрі жұмыс бабында болғандықтан, бас инжeнер гаражда тұрған ескі «УАЗ» көлігін алады. Сөйтсе, әлгі бар болғырдың екі есігі де жабылмайды екен.

Қақаң көлікке міне салып, МТМ дәнекерлеушісіне салып ұрып жетіп келеді. Келеді де:

– Мынаның екі есігін де сыртынан бекітіп таста, – дейді.

Инженердің мына әрекетіне түсінбеген дәнекерлеуші:

– Қақа, сонда қалай түсесіз? – дейді көзі жыпылықтап.

– Түсемін. Ол жақта да бір сварщик бар шығар. Давай, уақыт жоқ, – деген екен сонда жарықтық.

Омыртқа хикаясы

Шеңбер, Терісаққан өңірінде кейінге дейін Мүбәрак деген кісі өмір сүрген еді. Екі сөзінің бірі «Бәтір-әу» болып келетіндіктен, ауылдастары оны «Бәтірау» деп кеткен.

Мүкең бір жылдары Торғай облысының «Матросов» совхозына қоныс аударса керек. Шеңбер мен Терісаққандағыдай емес, ол жақтың халқы – орысшалау. Үлкен тойлар болмаса көршілер бірінің үйіне бірі бейсауат бара бермейді. Қонақжайлы Арқаның қазағына бұл ерсі көрінеді.

Көктемге салым Мүкеңнің бір қашары пышаққа ілігіпті. Сойғанда барып біледі, сиырдың өңешіне омыртқа кептеліп қалған екен. Көктемде сиыр малының сүйек кеміретіні бар ғой…

Мұны көрген Мүкең:

– Мұнда келген алты айдан бері мен мүжімеген омыртқаны сен қайдан тауып мүжіп жүрсің бәтір-әу? – депті көзінің қиығын көршісіне тастап.

Сөз астарын жазбай түсінген әлгі көршісі Мүкеңнен кешірім сұрап, кешкісін ерулікке шақырған екен.

Әлеужелідегі әзіл

Қолына ұялы телефоннан басқаны ұстамаған қызы тұрмысқа ұзатылып бара жатқанда әкесі былай деп ақыл айтып жатыр дейді.

– Қызым, «Әр қыз өз үйіне – гость» дегенді білесің. Саған айтар маңызды «статусым» бар, құлақ салып тыңда! Күйеуіңнен басқаларға «закрытый профиль» бол! Ата-енеңнің әр сөзіне «лайк» басып тұр. Отбасыңдағы «сообщения мен обсуждениелерді» бізге және басқаға таратпа! Көршілеріңмен «друзья» бол! Қайны-сіңлілеріңмен «лучшие друзья» бол! Олармен ешқашан «батлға» түспе және «чёрный списокқа» түсіп қалма! Күйеуіңмен жақсы «отношениеде» және өмір бойы «в браке» бол! «голосымды» бердім, қызым! Айтқандарымды есіңде сақтау үшін «стенаңа» «репост» жаса қарағым!..

Отаудың отағасы Ізім-Ғайым