Жақсының аты өлмейді…
«Шарықтап кетсем-дағы қанат қағып,
Өзіңдей қамқор əке қайда маған…»
Əке… Осынау үш ауыз сөзде осыншама мəн беріп тұрған не нəрсе деп көп ойлайтын едім. Өмірімде əке есімі биік ұлықталады. Жалғанның жарым жылуын осы əке арқасында молынан сезіндім. Дегенмен ештеңе мəңгілік емес екен ғой. Жұлдыз екеш жұлдыздың өзі мəңгі жанып тұрмайды ғой. Мəуелі бəйтерегім қисайып, асқар тауым шөкті. Істеген ісі мен атқарған тірлігі көпке өнеге боларлық асыл адам дүниеден озды.
Болат Түсіпұлы Ершұман тегі — 1950 ші жылдың 8-ші наурызында қазақ жерінің кіндігі Ұлытау селосында дүние есігін ашты. Тектіден текті туады демекші, атамыздың əкесі Түсіп, сонау қанды Ұлы Отан соғысына қатысып, бас-аяғы бес жыл өмірін арнаған. Ел қорғау үшін барын салған Түсіп Ершұманұлы қанды қырғыннан аман оралады. Асыл анасы Нүрзия Махамбетқызы тылда отырып, соғысқа киім-кешек тігіп 3 ұл,4 қызды аяқтандырды. Болат атамыз 1968 жылы Ұлытау орта мектебін жоғары дəрежеде аяқтап, 1968- 1970 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында əскерге аттанады. Борышын Мəскеу қаласының жанындағы əскери бөлімде атқарған екен. Екі жылдық əскерден аман-есен келіп, 1971 жылы Талғар сельхоз техникумына оқуға түсіп, 1974 жылы агроном мамандығын алып шығады. Осы жылдың шілде айында үйленіп, отау құрды. Атамыз бар өмірін еңбек жолына арнаған адам. Жұмыс барысында шетелдерге сапарлармен көптеп шығатын. Сол барған елінен алып келген тəжірибесін міндетті түрде қызметтестерімен бөлісетін еді. 1974 жылы Талғар ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін, 1994 жылға дейін Ұлытау ауданының шаруашылықтарында бас агроном, ауылдық кеңесінің төрағасы, селолық əкім, 1996-2006 жылдары Ұлытау аудандық ауыл шаруашылығы департаментінің бас маманы, осы ауданның жер ресурстарын басқару бөлімінің төрағасы лауазымдарында абыройлы қызмет атқарды. Атап айтсам 1975 жылы Райсельхозуправленияда инженер землеустроитель болып жұмыс істеді. 1982 жылдан 1991 жылға дейін Егінді жəне Терісаққан совхоздарында бас агроном болып жұмыс істеді. Ал 1991-1994 жылға дейін Егінді селолық округінде село əкімі болды.1994 жылы Ұлытау селолық округіне əкім болып сайланды. Осынау ел басқару жылдарында халықтың есінде іскер ең бастысы əділ əкім ретінде қалды. 1996-2013 жылдары аудандық жер комитетінің төрағасы болды. 2013-2015 жылдары зейнетке шыққанша аудандық аумақтық инспекцияның бас маманы болып қызмет етті. 2006 жылдан бастап Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясының тұқым шаруашылығы жөніндегі бас маманы ретінде жас мамандарға өзінің іскерлік тəжірибесін үйретуден жалықпады. Еңбексүйгіштігі жəне қызметтес жолдастарына деген қамқорлығының арқасында шынайы құрметке бөленді.
Еңбегін ескерген елі де атамызды марапаттан кенде қылмады. 2012 жылы «Үздік агроном» атағымен марапатталса, сол жылдың 16 қарашасында Құрмет грамотасымен марапатталады. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркəсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының ұжымы ауыл шаруашылығын дамытуға сіңірген көп жылдық жемісті еңбегі үшін Алғыс хат табыстады. 2017 жылы жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек жəне шығармашылық үлестері үшін Ұлытау ауданы əкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2019 жылы Ақтөбе қаласында «Ырғыз-Ұлытау» автосапарын ұйымдастыру алқасы «Тамыз мерекесі» этнотурының табысты болуына белсенді атсалысып қолдау көрсеткені үшін Алғыс хат табыстады. 2019 жылы 15 қарашада ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосқан үлесі мен жемісті еңбегі үшін, əрі қоғамдағы нəтижелі қызметі үшін Алғыс хат алды. 2020 жылы 17 қарашада Ұлытау ауданының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. 2020 жылы Қазақстан Республикасы «Ауыл шаруашылығы ардагерлер Кеңесі» Қоғамдық бірлестігі «Құрметті ардагер» медалімен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттады. Ал 2022 жылы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев елеулі еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапаттап, өз қолымен табыстады. 2023 жылы Фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін фитосанитария саласының ардагері ретінде Алғыс хатпен марапатталды.
Иə, атам саналы ғұмырын туған жері Ұлытауды өркендетуге арнады. Білікті қызметкер ғана емес мейірімді əке, мейірбан ата бола білді. Əулетіміздің іргелі тірегі іспетті еді. Əжеміз екеуі үш қыз, бір ұлды тəрбиелеп аяқтандырды. Отбасымен нағыз əкелік һəм аталық насихатын еш үзген емес. Қолы босай қалған сəтте, немесе үстел үстінде əрдайым есті əңгіме өрбітетін. Өмірінен қызықты оқиғаларды айтып отыратын атам біз үшін əлемдегі ең мейірімді, ең асыл жан болатын. Бір қуантарлығы тірісінде шөбере қолынан май жалау бұйырыпты. Демалысқа шыға сала ата-əжемізге асығатынбыз, себебі ең жылы естеліктер нағашы атаммен өткізген кездеріміз еді. Маған айтқан əрбір ақылы, даналығы ойымда əлі жаңғырып тұр. Мені топ ішінен ерекшелеп «журналист қызым» деп еркелететін. Оқуымды аяқтап, мықты журналист болғанымды көріп мақтан етер деп ойлаушы едім. Тұрлаусыз тағдыр атамды бізден тартып əкетті. Жазмышқа əлбетте шара жоқ. Тек көніп, қабылдау лəзім. Атам Болат Түсіпұлымен білетін адамның асылы еді. Қамқор əке, дана ата, білікті қызметкер. Ең бастысы жақсы адам! «Адам ұрпағымен мың жасайды» демеуші ме еді қазақ. Демек, атам Болаттан қалған ізгі ұрпақ біздер ол кісінің атын өшірмейміз. Халқы Ұлытау жұрты өшірмейді. Елі барда атам да ешқашан ұмытылмайды. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, Ата! Сіздің салып кеткен сара жолыңызды біз жалғаймыз! Ұлт һəм ел жолында аянбай еңбек етеміз!
Болат Түсіпұлы
ЕРШҰМАНОВТЫҢ жиен немересі
Балғын ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің 3 курс студенті.