ҚАДІРМЕНДІ ҚАЗЫНАЛЫ АҚСАҚАЛДАР ЖӘНЕ АҚ ЖАУЛЫҚТЫ АПАЛАР!

Сіздерді Халықаралық Қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Үлкенге құрмет – ұрпақ парызы. Қарттарымызға сыйластық таныту – жазылмаған дала заңы іспетті.

Ата-баба жолымен келе жатқан салтымыз өмір көрген жандарды қастерлеуді және оның нәтижесі жақсылықпен қауыштырарын үйретті. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыңыздың облыстың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер.

Қазіргі таңда облысымыз бойынша қарттарымыздың саны 11 мыңнан асады. Жасы ең үлкені – 114-тегі Түймегүл әжей. Бүгінгі күні еліміздегі ең қарт адам да осы жерлесіміз. Халықаралық мереке қарсаңында қала-аудан бюджеттерінен жалпы сомасы 230 миллионға жуық қаражат бөлініп, қарияларымызға бір реттік көмек тағайындалды. Ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызға құрмет ретінде 20 мың теңгеден сыйақы беріледі.

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Бақыттың кілті – ата-аналарымыз бен қарияларымыздың ризалығында жатыр. «Ата көріп, оқ жонатын, ана көріп, тон пішетін» ұрпақтары барда үлкендер салып кеткен сара жол жыл өткен сайын даңғыл жолға айналады. Барлық қарияның отбасына амандық, деніне саулық тілеймін. Жас кездеріңізде көрген бейнеттеріңіздің зейнетін көріп, ұзақ жасай беріңіздер!

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
Ұлытау облысының әкімі.