«Спорт – менің серігім»
Ауданда бұқаралық спортты дамытуда спорттың сиқырлы да сергіткіш әлеміне еніп, салауатты өмір салтын ұстанған азаматтар аз емес. Солардың бірі, Ұлытау ауылының тұрғыны – Аманбек БАЙМАҒАНБЕТОВ.
Ол бала кезінен спортқа жақын. Аудандық спорт мектебінде дзюдо, самбо, қазақ күресімен айналысты. Әсіресе, «футбол» десе ішкен асын жерге қоятын азамат. Бертін келе бұқаралық спортқа ден қоя бастады.
Бүгінде елуді еңсерген Аманбек спорттан әлі қол үзе қойған жоқ. Қолы қалт еткен сәтте спортпен айналысып жатқаны. Былай қарағанда, спорт саласының маманы емес, қарапайым еңбек адамы. Сөйте тұра, таңертең жүгіруді, турникке тартылуды әсте тоқтатқан емес. Осылай спортқа тактикалық тұрғыдан дайындалған ол спортшы ретінде елге танылды.
2016 жылы Алматы қаласында өткен ауқымды марафонда он шақырымға жүгіріп, екінші орынға ие болған. Сол жолы аймағымыздан қатысқан желаяқтардың ішінен жүлдеге іліккен Аманбек қана болды. 2019 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған халықаралық марафонда тағы да бағын сынады. Айтулы жарысқа Өзбекстан, Ресей, Қытай, Канада, Швеция мен Кения елдерінен әлемге танылған спортшылар қатысты. Солармен бірге ұзақ шақырымға жүгірген Аманбек өз категориясы бойынша үшінші орынға иеленді.
Жұрттың Аманбекке таң қалатын реті де бар. Жасы елуден асса да спортқа деген құмарлығы ерекше. Нағыз спорт үшін жаралған адам ба дерсің?! Ал, жарысқа қатысса құр алақан келген күні жоқ. Үнемі олжа салып , жүлдемен оралады. Биыл да облыстық чемпионатта «Асық атудан» үшінші орынға қол жеткізді. Бұл сайыс көзге оңай көрінгенімен мергендікті қажет ететін спорт түрі. Осыны да Аманбек еркін меңгеріп алған.
Ал, боз кілемде белдесіп, жұртты таңқалдырғаны ол өз алдына жеке әңгіме. 2019 жылы Астана қаласында өткен ардагерлер арасындағы жарыста дзюдо күресінен үшінші орынға қол жеткізді. Сол жылы Жезқазған қаласында өткен ашық біріншілікте самбодан бірінші орын алды. Өткен жылы ауданда өткізілген қазақ күресінен бәсекелі сында 60 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды жеңіп алды. Биыл Түркістан қаласында ұйымдастырылған ардагерлер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында самбо күресінен үшінші орынның биігінен көрінді. Мұның барлығы Аманбектің жарысқа тыңғылықты дайындалғанының нәтижесі. «Талаптыға нұр жауар» деген осы. Қай жарысқа барса да аудан абыройын асқақтатып, мәртебесін көтеріп жүргені. Оған аудан халқы да дән риза.
– Мен өзім бала кезімнен спортқа жақынмын. Елуді еңсерсем де спортқа деген қызығушылығым сол қалпында. Спорт – менің серігім, – дейді Аманбек Сәрсенбекұлы.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.