Бәрі де Қарсақбайдан басталған

Жыл сайын, шілденің үшінші жексенбісінде елімізде Металлургтер мерекесі тойланады. Осы кəсіби мереке иелері жайлы қалам тербегенде қарашаңырақ Қарсақбайды айналып өткен күніміз болған жоқ. Өйткені, Қарсақбай зауыты Қазақстан металлургиясының даму бастауында тұрған, көпжылдық тарихы бар кəсіпорын. Оның ішінде Үлкен Жезқазған осы қарашаңырақтан енші алып шыққан өндіріс ошағы. Бəрі осы Қарсақбайдан басталған…

Қарашаңырақ кеше

Бұл зауыттың тарихы өткен ғасырдың алғашқы онжылдығында, Сарыарқа жеріне ағылшындар қызығушылық танытқан кезден басталады. 1928 жылы зауыттың ашылуына біздің отандасымыз, белгілі ғалым Қаныш Сəтбаев ерен еңбек сіңірді. 1942 жылы кəсіпорын əскери жұмыс жағдайына көшіп, майдан даласына қажетті техникалар мен бөлшектер жасап шығарды. 1973 жылдан кейін Қарсақбай өндірісі металлургияға қайта бағытталып, зауыттың негізгі қызметі «Kazakhmys Holdings» ЖШС кəсіпорындарына шойын өнімдерін құю болды. Зауыт компанияның кеніштерінде, зауыт-фабрикаларында қолданылатын жабдықтарға арналған бөлшектердің 30-ға жуық тауарлы түрін шығарады.
Бүгінде «Қазақмыс» – табиғи ресурстарды өндіру жəне қайта өңдеу бойынша халықаралық жетекші компания. Корпорация мысты ғана емес, басқа да пайдалы қазбаларды іздеу, барлау, өндіру, байыту, қайта өңдеу жəне экспорттауды жүзеге асырады. Бұл жұмыстарды осының барлығы бастау алған Қарсақбай зауытынсыз, мыс қорыту ісінің бастауынсыз елестету мүмкін емес. 1928 жылы Қарсақбайда алғашқы мыс балқытылған күн «Қазақмыс» үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға болды. Қазақстанда мыс өндірісі осы күннен басталады. 90 жылдан астам тарихы бар Қарсақбай мыс қорыту зауыты Қазақстандағы түсті металлургияның тұңғышы болып саналады.

Қарашаңырақ бүгін

Қарсақбай мыс заводы 1975 жылы жұмысын тоқтатты. Өңірде Үлкен Жезқазған өндірісі қанатын жайды. Əлемдегі ондықтың ортасынан ойып тұрып орын алды. Жезқазған мыс қорыту зауытынан шыққан сары алтындай сары мыстың Лондон биржасындағы бəсі қазір жоғары. Сол, Үлкен Жезқазған қанат қағып шыққан қарашаңырақ – Қарсақбай зауыты металлургия зауыты болып, шойын құю жұмысымен айналысады. Қазіргі таңда 50 жылға таянды осы істі тынбай жалғастырып келеді. Мереке қарсаңында біз зауыттың өндірістік бөлім басшысы Құланқадыр Еділбаевпен əңгімелескен едік.
– Зауытта қазір 142 адам жұмыс істейді. Оның 49-ы шойын құю цехында. Аптасына екі рет шойын құйып, «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарынан түскен тапсырыстарды орындап отырмыз. 2024 жылға белгіленген жоспар 206 тонна. Оның ішінде – No1, 2, 3 Жезқазған байыту фабрикалары үшін – 103 тоннаның өнім, Жезқазған металлургия зауыты үшін – 48 тоннаның өнімі, шахта-проходкалау тресі үшін – 10 тоннаның өнімі жəне 45 тонна өнімдер өзге кеніштер үшін құйылады. Негізі біз «Қазақмыс» корпорациясы құрылымдарының тапсырысы бойынша 30-ға жуық бұйым түрлерін құйып шығарамыз. Жоспар уақытылы орындалып тұрады. Біздің құйған өнімдердің сапасына əзірге ешкім кінə тағып отырған жоқ.
Зауыт шойын құюдан бөлек кент тұрғындарын, мекемелерді ауыз сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда шойын құю цехын, сумен қамту цехының ғимаратын жөндеуге каражат бөлініп жөнделді. 6 квт тоғының бағаналарын, сымдарын айырбастау жұмыстары жүргізілуде. Келешекте дамбыға, бас бөгетке, екі көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Ауыз сумен қамту цехының зертханасын жөндеу биылғы жылы басталады. Əрине, бұл жұмыстардың бəрі «Қазақмыс» корпорациясы басшыларының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Кент тұрғындары «Қазақмыстың» басшыларына дəн риза, – дейді бөлім басшысы бізбен əңгімесінде.

Шойын құю цехында

Бұл өндірістің байыбына бойламаған адам шойын құюды басқаша қабылдауы əбден кəдік. Яғни, балқытылған шойында алдын ала жасалған қалыпқа құю ғана деп түсінері анық. Ал, шын мəнінде бұл жұмыс бірнеше процестен тұрады. Оны бізге зауыттың шойын құю цехының басшысы Ғабит Ермағанбетов жіктеп, жіліктеп əңгімелеп берді.
– Осы аптада біз байыту фабрикаларына 3 түрлі, зауытқа 5 түрлі, шахталарға 4 түрлі өнім құюымыз қажет. Осы үшін біздің жігіттер екі, үш күн дайындық жұмыстарын жасады. Яғни, құюшылар құйылатын бұйымдардың қалыбын жасап, əзірледі.
Негізі, біздің цехта 49 адам еңбек етеді. Оның 26-сы құюшылар. Қалғандары токарь, слесарь жəне дəнекерлеуші. Əлгі 26 құюшы өздері құятын бұйымның қалыбын алдын ала əзірлейді. Ол үшін УМТС-тен əкелінген арнайы топырақ қоспаларын пайдаланады. Бұл үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Құйылған бұйымның стандартқа сай болуы, сапалы құйылуы осы дайындалған қалыптарға тікелей байланысты.
Хош… Сонымен бұйым құйылғаннан кейін де қыруар жұмыстар тұр алда. Дайын бұйымды қырлау, сырлау да өз алдына үлкен бір процесс.
Бұл жұмыстар токарлардың күшімен атқарылады. Артық жерін жонып, тауарлық кейіпке келтіреді. Осы жерде токарларымыз шеберлік көрсетеді. Станоктарымыз кешегі ағылшындардың көзін көрген, көнеден қалған қондырғылар. Бірақ, мүлтіксіз жұмыс істеп тұр.
Осындай үлкен процестердің басында жекелеген озаттарымыздың жүргенін əркез мақтан етеміз. Мəселен құюшылар бригадасының бригадирі Мұрат Мұқанов, кұюшы – Сəрсенбек Тоқсанбаев, құйылған бұйымдарды қалпына келтіруші – Нұртілеу Танжар, токарьлар бригадирі Болат Мұсылманбеков, токарьлар – Рахат Төребаев пен Серік Тұрғынбаев өз істерімен көпке үлгі болып келеді.
Осы мерейлі мереке қарсаңында бірқатар еңбеккерлеріміз лайықты марапаттарға ұсынылып отыр. Бұл олардың адал еңбегіне берілген əділ баға деп білеміз, – дейді цех басшысы.

Ардагердің əңгімесі

Қарсақбай металлургия зауытында бірнеше буын еселі еңбек етіп, өсіп-өнді. Солардың ізбасарлары кешегі сексенінші жылдары зауыттың тынысын кеңейтіп, күні бүгінге дейін тынымсыз еңбек етуіне негіз қалады. Солардың бірі Ғабит Төкенов. Мереке қарсаңында біз ардагерге арнайы қоңырау шалып, хабарласқан едік.
– Мен, 1980 жылы осы зауыттың механикалық өңдеу цехына слесар болып келдім. Ол кезде шойын құю цехын Тілеуберген Балабиев деген ағамыз басқаратын. Ал зауыттың директоры Қадыр аға Мəткенов еді.
Еңбек жолын қатардағы құюшы, қалып жасаушы болып бастаған Тілеуберген аға жастарға ерекше қамқорлықпен қарап, білгенін жалықпай үйрететін. Мені де сол кісі өзі үйретті. Соның нəтижесі шығар, өзіме жүктелген жұмыстарды мінсіз атқардым. Жұмысқа ынтамды, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтынымды бағалады ма, Тілекең мені шойын құю цехына жұмысқа ауыстырды. Бұл жұмыс негізінен бірнеше процестерден тұратын үлкен жұмыс қой. Сол, көп сатылы жұмысты ұжым болып бірлесе атқаратынбыз. Ол кезде тапсырыс та көп. 120-дан астам өнім түрлерін құйып, əзірлеуіміз керек. Бұйымның модулін ол кезде Жезқазғандағы құю-механикалық зауыты əзірлейді. Ол жақта тапсырыстың көптігінен қажетті молульді ұзақ қүтіп қалатын кездеріміз де көп. Осындайда өзіміз ақылдаса отырып құйылатын бұйымның модулін жасауды қолға алдық. Ағаштан бұйым жасауда қолымның ебі болған соң бұл жұмысты маған жүктеді. Əуелі үлгі ретінде бір бұйымды жасап, оны тапсырыс берген кəсіпорынға апарып, сынақтан өткіздік. Онымыз зауыттың бұйымынан кем болмады. Сынақтан сəтті өткен соң партиялап құя бастадық. Қазіргі жігіттер əр жерден түскен бұйымдарды сол біздің жолымызбен өздері қалыптап, құйып келеді.Сол жылдары жұмысымның сəтті болғанын зауыт басшылары да əділ бағалады. Бригадир, ауысым шебері, цех бастығы қызметтеріне сатылап көтерілдім. Молдаш Қойлыбаев, Бөлтірік Құрманбаев, Сыздық Байназаров, Қазыбай Биназаров сынды аға буын өкілдерімен бірге еңбек етіп, үлкен биіктерді бағындырдық. Сырымбек Досжанов сынды бір жыл бөліммен бірге еңбек еттім. Цехтың бүгінгі бастығы Ғабит Ермағанбетовке ұстаз болдым. Бүгінде Мұрат Мұқанов, Серік Түлкібаев сынды жастар біздің ізбасарларымыз. Біз оларды əркез мақтан етеміз. Екі мыңыншы жылдардың басында Қадыр аға мені шақырып алып, «Сен зауытта біраз жыл еңбек еттің, тəжірибең толысты. Енді Басқармаға кел, басшылық жаса» деп зауыттың механигі етіп тағайындады. Сол қызметте жүріп зейнеткерлікке шықтым, – дейді ардагер аға ағынан жарылып.

Түйін

Қарсақбай зауытының арғы-бергі тарихын бір мақалаға сыйғызу əсте мүмкін емес. Қарашаңырақтан басталған үлкен істер əлі талай мақалаларға арқау болары анық. Бүгін біз металлургтердің кəсіби мерекесі қарсаңында соның бір парасын ғана тілге тиек еттік. Келешекте ардагерлеріміз бен еңбек майданының бүгінгі ерлері туралы жиі қалам тербейтін боламыз.

Ізбасар ОЙБАС.