Мейірбан жүректі медбике

Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Əсіресе, науқастың жағдайына дəрігермен бірдей жауапкершілікпен қарайтын, ұлт саулығына адал қызмет етіп жүрген ақ желеңді медбикелердің еңбегі ерен. Дəрігер емінің нəтижелі болуы медбикенің ем-домды уақытылы көрсетіп, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруына тікелей байланысты екені айдан анық. Бүгінгі жазбамыз науқастардың дертіне дауа дарытуға атсалысып жүрген денсаулық сақшысы Зинаш МҰХАМБЕТОВА жайлы болмақ.

Зинаш Мұхтарқызы Ұлытау ауданы Ұлытау ауылында дүниеге келген. Медицина саласын таңдауына жақындары себепші болған екен. «Өлмейтін мамандықтың тізгінін ұста. Адам үшін денсаулықтан құнды ештеңе жоқ. Адам бар жерде медицина да бар деген еді апам», – деп бастады кейіпкеріміз əңгімесін. Əпкесінің қалауымен алдына биік мақсат қойған бойжеткен 1979 жылы Жезқазған медициналық училищесіне оқуға түсіп, 1981 жылы тəмамдайды. Алғашқы еңбек жолын Ұлытау аудандық санитарлық эпидемиологиялық станциясында бастаған. 1984 жылы тұрмыс құрғаннан кейін Ұлытау аудандық ауруханасына ауысып, №2 Айыртау фермасына медбикелік қызметке жіберіледі.
– Айыртау елді мекенінде 11 жыл медбике болып еңбек еттім. Медицинадағы алғашқы тəжірибемді осы жерде жинадым десем де болады. Айыртаулық 4 баланың кіндігін кесіп, «кіндікшеше» атандым, – дейді кейіпкеріміз.
Саналы ғұмырының қырық жылдан астамын науқастардың көңілін табуға жұмсаған Зинаш Мұхтарқызы осы саладағы өмірлік ұстаздарын ерекше атап өтті. «Дəрігер Қаражігіт Əбдірахманов, Ақзейнеп Оразбекқызымен көп жылдар əріптес болдық. Ол кісілерден үйренгеніміз көп болды. Қазіргі жас дəрігерлер де білікті. Біз Кеңес кезінің мамандарымыз. Тəуелсіз Қазақстан медицинасының күн санап дамуы қуантады. Медициналық техникалардың дамығанын көргенде кезінде халыққа жедел жəрдем көрсету үшін ауылды жаяу шарлаған күндеріміз еріксіз еске түседі, – дейді мерейлі мамандықтың иесі.
Қызығы мен шыжығы қатар жүретін, зор жауапкершілікті талап ететін бұл қызметте қиын да, қуанышты сəттер көп болыпты. «Айыртауға ауысқан алғашқы күндерім еді. Аяғы ауыр келіншектің толғағы қысып, көмекке бардық. Бұл менің алғашқы босандыруым болатын. Жас маманмын. Қобалжып тұрсам да, өз-өзімді қолыма алып, əйелді уақытында босандырдық. Енді шақалақтың кіндігін кесейін деп қолымдағы қайшыны көтере бергенімде сəби қолымен қайшының басын қысып ұстап алсын. Мұндайды алғаш көруім. Үлкендер бала уысының күші жыланды да тырп еткізбейді деуші еді. Сол сөзге сонда көзім жетті. Ақырын ғана саусақтарын ашып, бісміллəмді айтып, кіндігін кестім. Бұл бір ерекше естен кетпейтін қызықты оқиға болды. Қазір сол сəби қамал бұзар қырыққа жақындаған болар, – деді жымиып.
Қызметінде жемісті еңбек етіп, білікті маман ретінде тындырымды іс атқарған Зинаш Мұханбетова өмірлік серігі Сəкен Ташеновпен бірге құрған жарасымды отбасында үш бала тəрбиелеп өсірді. Жақында ғана зейнеткерлікке шыққан Зинаш апайымыз бүгінде немерелерінің ортасында арқажарқа болып отырған бақытты əже. Ғұмырының қырық үш жылын медицинаға арнаған кейіпкерімізді кəсіби мейрамымен құттықтап, толағай табыс тілегіміз келеді. Халық денсаулығының сақшысына біз де зор денсаулық тілейміз.

Альмира ОСПАН.