Жазғы демалыс сөз болды
Облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ төрағалығымен өткен аппарат жиынында оқушылардың жазғы демалыс мəселесі де сөз болды. Осы орайда қала сыртындағы жазғы лагерьлер ашу үшін Жезқазғанда, Ұлытау жəне Жаңаарқа аудандарында жер белгіленгені айтылды.
Аппарат жиынында облыстағы білім беру саласының жай-жапсары жан-жақты сөз болды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың сын көтермейтінін ашып айтты.
– Облыстағы білім деңгейі тексеруден өтсін. Облыс бойынша мектептерде кабинеттер жаңартылып жатыр жəне құрылғылар алынуда. Сəйкесінше білім деңгейі жылдан-жылға жоғарылауы тиіс, – деген Берік Əбдіғалиұлы облыстың білім саласындағы бірқатар мəселені атады.
Өңір басшысы қала сыртында бүгінгі күнге дейін бірде-бір мерзімді жазғы лагерьдің жұмыс істемеуін – білім басқармасындағы ұйымдастыру жұмыстарының төмендігіне балады.
– Мектеп жанындағы жазғы лагерьлерде балалар уақытын текке жоғалтпай, білім деңгейін жетілдіруі керек. Оның сапасын бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді облыс əкімі өз сөзінде.
Кеңес барысында белгілі болғандай, Ұлытау облысында қала сыртындағы жазғы лагерьлер ашу үшін Жезқазғанда, Ұлытау жəне Жаңаарқа аудандарында жер белгіленді. Жезқазғанда орны бөлінген 400 орындық сауықтыру орталығының қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалу үстінде.
Орайы келгенде айта кетейік, білім басқармасы ұсынған мəліметтерге сүйенсек, өзге қалалардағы лагерьлерге биыл облыстың 628 оқушысы жіберілмек. Əр баланың шығыны орта есеппен 150 мың теңгені құрайды. Бұл тұрғыда өңір басшысы аталған кəсіп түрін өз өлкемізде дамыту қажет екенін жеткізіп, «Ұлытау» ƏКК-на инвестжоба дайындауды ұсынды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.