Құрметті Ұлытау ауданының тұрғындары!
Сіздерді барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз!
Осыдан отыз жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатымен дүйім дүниеге Тәуелсіздігімізді жария етіп, Мәңгілік ел болудың бірегей қадамын жасадық. Ата-бабалар арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жетті. Тарихи оқиғалар тоғысқан 16 желтоқсан – біз үшін қасиетті күн. 1991 жылы 16 желтоқсанда елдің жаңа тарихы басталған еді. Содан бері Қазақстан өсу мен өркендеу белестерін бағындырып, тарихи жеңістерге қол жеткізді.
Елмен бірге Ұлытау ауданы да даму жолымен жүріп келеді. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы қарқынды дамыды. Жаңадан құрылыс нысандары бой көтерді. Мектептер және балабақшалар, емханалар мен спорт нысандары ашылды. Тұрғын үйлер салынып, ел игілігіне берілді. Халықтың көші-қон үдерісі тұрақталып, әл-ауқаты жақсарды. Елді мекендердің келбеті жаңғыртылып, барлық деңгейдегі жолдар жаңарды. Абаттандыру бағытында игі шаралар атқарылды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жобалар жүзеге асырылды. Мұның барлығы ҰлтТәуелсіздігі мен бейбіт өмірдің арқасында орындалып отыр.
Ардақты ағайын!
Біз азат ел екенімізді, өткеніміздің өнегесін, келешегіміздің кемелдігін зор мақтанышпен айтамыз. Сондықтан да, бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздікті қанша дәріптесек те артық емес.
Баршаңызды ұлық мереке –Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз!
Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, береке мен бірлік, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілейміз!
Қазақ елінің Тәуелсіздігі ғұмырлы, Туы тұғырлы болсын!
Советбек МЕДЕБАЕВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.