Жолдар қалпына келтіріледі
Биылғы көктемгі су тасқыны ауданымыздың аумағындағы автокөлік жолдарының бірқатарын зақымдады. Бұл жағдай əсіресе Аманкелді, Алғабас, Мибұлақ жəне Шеңбер ауылдарына баратын жолдарда ерекше болды.
Жуырда облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы осы аймақтарға арнайы келіп, мəн жаймен жіті танысты. Орын алған жағдайды саралай келіп, оны тез арада жолға қоюды тапсырды.
10 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ АСФАЛЬТТАЛАДЫ
Биыл Аманкелді ауылына баратын жолдың 10 шақырымы асфальтталатын болды. Оның ішінде елді мекенге кіре беріс жолдың су шайып кеткен тұсын қалыпқа келтіру жұмыстары да көзделген.
– Жолды жөндеу, қалыпқа келтіріп, асфальт төсеу жұмыстары кезінде су өткізу құбырының санын көбейту қажет. Бұл – келесі су тасқыны кезеңінде жолдың тағы да шайылып кетуіне тосқауыл болады, – деп атап көрсетті аймақ басшысы Берік Əбдіғалиұлы Ұлытау ауданына барған жұмыс сапары барысында.
Сарлыққа кіре беріс жолдың су тасқынынан зардап шеккен тұсын бақылаған өңір басшысы жерді қыру, тегістеу жұмыстарын қазірден бастау міндетін жүктеді.
Аудан əкімі Аманжол Мырзабеков осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды да баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта аталған жолдың су тасуы салдарынан бүлінген тұстарын анықтау жұмыстары жүргізілген, жобалық сметалық құжаттамасы дайын. Осы аптада мердігер анықталады, ал жолды қалыпқа келтіру жұмыстары осы айда басталады.
Орайы келгенде айта кетейік, қазіргі таңда Амангелді ауылына автокөліктердің қатынауына кедергі жоқ.
ҚАТЫНАС ЖОЛҒА ҚОЙЫЛАДЫ
Қорғасын елді мекенінің Ащылы сай учаскесі тасқын судан зардап шеккендіктен, халық уақытша айналма жолмен қатынауда. Ауылға жұмыс сапарымен барған облыс əкімі жолдың су шайып кеткен тұсын қалыпқа келтіруді, негізгі жолды ашуды сəуір айында аяқтауды тапсырды.
– Уақыт жоғалтпай, қолда бар барлық ресурсты пайдаланып, жолдың ашық тұрған жерін қалыпқа келтіру қажет. Қанша құбыр, материал керектігін дереу анықтап, жұмысты жеделдетуді тапсырамын. Халықтың қатынауына мүмкіндік қарастырылсын, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Аталған учаскені қалыпқа келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Жалпы, Жезқазған-Петропавл республикалық автомобиль жолының екі жылға жоспарланған 143-163 шақырымдар аралығының жұмыстары биыл аяқталады. Яғни, «Көкбұлақ» қыстағына дейінгі жолдың орташа жөнделген тұсы қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, респбуликалық маңызы бар «Жезқазған-Петропавл» тас жолынының 163-193 шақырымында конкурстық рəсімдер жүргізілуде.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.