ТАЛДЫСАЙДАҒЫ ТАБИҒИ АПАТ: ШЫҒЫН ҚҰНЫ ӨТЕЛЕДІ
Талдысай елдімекенінен Жезді кентіне қоныстандырылған 8 үйдің иелері үшін екі ортаға таңертең және кешке көлік қатынайды. Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккен баспаналар шығыны өтеледі. Бүгін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы үй-жайын қызыл су шайған талдысайлықтармен кездесіп, көрсетілетін көмек түрлерін айтты.
«Бастысы мал-жан аман. Қалған шығынның құнын анықтау үшін техникалық сараптама жасалады. Қорытындының нәтижесіне байланысты жөндеу жұмыстары мен өзге де шығындардың құны төленеді» – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Айта кетейік, кеше түнгі сағат 22:30-да Ұлытау селосына қарасты Талдысай елдімекенінде қардың қарқынды еруіне және жер асты суының көтерілуіне байланысты 8 жеке үй су астында қалып, су деңгейі 50 см-ге жеткен болатын.
Жергілікті атқарушы органның 30-ға жуық қызметкері, ТЖ департаменті мен Полиция департаменті қызметкерлерінің арқасында және жалпы саны 6 техниканың күшімен Жезді кентіне 20 адам (оның ішінде 5 бала және 7 әйел) эвакуацияланған. Сондай-ақ қауіпсіз жерге жүзден астам ірі қара мал шығарылды.