2023 жылдың топ-трендтері: Көктем-жазда қандай киімдер сәнде?

Ежелгі грек философы Сократ сән жайында: «Нашар талғам  – дәстүрдің құлдырауының белгісі. Киім кигенде, сәнді болыңыз. Сәнді болу – әдептілік»,- деген екен өз қанатты сөзінде. Ал, қазақ мұны бір ауыз сөзбен «адам көркі – шүберек» дейді. Расында, қай жерге барсаңыз да, сіздің кім екеніңізден  алдымен хабар беретін, ол – киіміңіз.  Жейдеңіз жарасымды, көйлегіңіз құйып қойғандай үйлескенін қаласаңыз, стилист кеңесіне құлақ асыңыз.  Ulytaunews.kz  порталының бүгінгі қонағы  – ұлытаулық стилист Меруерт ДОСАНОВА.

Сән саласына қызығушылығыңыз қашан басталды? Үйлесімді үлгіде киінуді қайдан үйрендіңіз?

 Мен Ұлытау облысындағы шағын қалашық Жезді кентінде дүниеге келгенмін. Негізгі мамандығым – мектепке дейінгі білім беру мен оқыту. Осы салада 13-14 жылдай еңбек етудемін. Ал, сән саласына қызығушылығым бала күнімнен басталды десем артық айтқаным емес. Әдемі киінуді, жаңа үлгілер жасауды әр қыз баласы қуыршақпен ойнау кезеңінде өз бойларында қалыптастырады деп ойлаймын. Бала кезімде «FASHION TV» арнасын сағаттап көретінмін. Осының бәрі менің бойымдағы сұлулыққа деген махаббатымды оятқан болуы керек. Бұрын хобби ретінде қарап келген сән саласына, кейін мамандық ретінде қарауды үйреніп, көзқарасымды өзгерттім. Білімімді арттырып, кәсіби стилист атану үшін отандық стилистерден арнайы барып, сабақ алдым.

Стилді киіну деген не? Сәнді көріну үшін қымбат киіну міндет пе?

Киім сіз туралы айналаңызға көп ақпарат беруші құрал. Мысалы, біз мұғалімдерді сырттан бірден аңғарамыз. Өйткені олар үнемі классикалық үлгіде жүреді. Шығармашылыққа бейім адамдарды да алыстан байқауға болады. Олар елден ерекшеленіп тұратын үлгілерге құмар.  Кішкентай аксессуарлар арқылы болсын, өз образын ерекшелендіре алады.  Әсіресе, бизнесте жүрген жандар үшін дұрыс образ таңдау өте маңызды. Іскерлік кездесулерде жарасымды киім сенімділігіңізді арттырады. Стиль – сіздің өмір сүру салтыңыз десек те болатын шығар. Әркімнің өз қолтаңбасы болатындай, әр адамның киім киюде де өз бейімі болады. Бірақ олардың бәрін стилді деуге келмейді. Жарасымды, заманға сай, өмір салтыңызға ыңғайлы, көркіңізді аша түсетін үлгіні табу негізі оңай шаруа емес. Сондықтан да көп қыз-келіншектер дүкеннен бүгін сатып алған киімін үйдегі басқа киімімен үйлестіре алмай, «белдемше алса, жейдесі сай емес, шалбарын сайласа, жемпірі келмейді»-нің кебін киіп, дал болады. Барлығымен жараса кететін,актуалды базалық гардероб құру үшін де білім қажет. Актуалды дүниені табу үшін көзді жаттықтыра берсеңіз,  стилді үлгілерді алыстан танитын боласыз. Қымбат киімнің бәрі сәнді дегенге келіспеймін. Себебі, қымбат болса да өз актуалдылығын жоғалтқан үлгілер сөрелерде самсап тұр. Базардан да жақсы киім табуға болады.  Сондықтан киімнің стилді болуы бағаға қарамайды.

Ағымдағы жылдың көктем-жазында қалай киінеміз? Қандай үлгілер сәнде? Қандай түстермен ерекшеленеміз?

Сәннен ешқашан қалмайтын киім – «джинсы». Көктем-жаз мезгілінде белі төмен орналасқан, бос джинсы шалбарлар трендке енеді. Оларды актуалды футболкалармен, жейделермен үйлестіріп киесіз. Сонымен қатар, жасанды теріден жасалған, қанық түсті киімдер мен сөмкелер өте сәнді болмақ. Ал, түстерден қанық күлгін түс трендте. Әлем жұлдыздары қанық күлгін түстегі киімдерді киюді бастап та кетті. Көгілдір түс те күлгін түспен қатар сәнде деуге болады. Осы жаздың сәнді түстері бізге қуыршақ көйлектерін еске түсіреді. Дәл сондай  қанық түстердегі образдарды жиі көретін боламыз. «Әдемілік – қарапайымдылықта» ұғымы да санаңызда болсын. Минималды стиль бойынша киіну арқылы да сәнді әрі әдемі көрінуге болады. Кез келген киімнің белгілі бір уақыт аралығында ғана сәнде боларын ескерсек, базалық киімдер алғаныңыз орынды. Олар қай кезде болмасын сәнде. Сонымен қатар, классикалық үлгінің де міндетті түрде гардеробыңыздан орын алғаны дұрыс.

Түстердің сәнді болуы заманның ағымына байланысты таңдалады. Мысалы, 1940-1950 жылдары хаки түсі сәнде болды. Өйткені, соғыс кезінде кір көтеретін, әрі қалың киімдер хаки түсінде тігілген еді. Кейін бұл түс сәнге еніп кетті. 70-80 жылдары әйелдік нәзік образдар сәнге енді. Бұл соғыстан кейінгі әлем халқының жаңа, жарқын өмірге ұмтылуынан десек болады.

  Жезқазған сияқты шағын қалада стилист қызметі сұранысқа ие ме? Жаңа облыстың орталығында қандай дүкендер ашылғанын қалар едіңіз?

Иә, Жезқазған шағын қала. Бірақ, тұрғындары сәнді жақсы сезінеді деп айта аламын. Әзірге мегаполистердегідей үлкен сауда орталықтары болмаса да стилді киім сататын дүкендер баршылық. Менің қызметіме жүгінетіндердің көпшілігі – кәсіпкерлер. Мүмкіндігімізше актуалды образдарды табуға тырысамыз. Таппаған дүниелерімізді онлайн тапсырыс арқылы алдырып жүрміз. Болашақта отандық, әлемдік брендтердің дүкендері біздің жаңа облысымызда да ашылады деп үміттенемін.

Кеңесіңізге көп рақмет!

 

                 

                                                       Сұхбаттасқан: Альмира Оспан