2021 жылғы санақ құны – 2009 жылғы санаққа қарағанда 2,6 есе арзан
Заманауи технологияларды қолданудың арқасында 2021 жылғы Ұлттық халық санағын өткізу 2009 жылғы халық санағын өткізуге қарағанда 2,6 есе арзанға түседі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат АЙДАПКЕЛОВ хабарлады.
«2018 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде (бесжылдық кезеңге) халық санағын жүргізуге бюджеттен 9,1 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде, санақ қызметкерлерінің қызметіне ақы төлеуге – 4,7 млрд. теңге. Осы кезеңде 32 313 адам жұмысқа орналастырылады», – деді Н.Айдапкелов.
Қазіргі уақытта, оның айтуынша, барлық санақ жүргізушілермен ақылы қызмет көрсету туралы келісім-шарт жасалып жатыр.
Бюро басшысы 2009 жылғы ұлттық санақ шығындарымен салыстырғанда қазіргі санақ науқаны 2,6 есе арзан екенін атап өтті. «2021 жылғы халық санағын өткізуде бір адамға жұмсалатын шығын 1,1 АҚШ долларын құрайды. Мысалы, 2009 жылғы халық санағы кезінде мұндай сәйкес шығын 2,9 АҚШ долларын құрады», – деп түсіндірді ол.
Халық санағы шығындарының төмендеуі сандық технологияларды енгізумен және халық санағы бойынша деректерді жинау процесін автоматтандырумен байланысты. Санақ жүргізу үшін 1,1 млрд. теңгеге қуаттау құрылғылары мен тысқаптары бар 27 412 планшет сатып алынды. Сонымен қатар, Бюро басшысы санақ аяқталғаннан кейін бұл планшеттер мүдделі мемлекеттік органдарға берілетінін атап өтті.
Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.