2020 жылдың қорытындылары: өнеркәсіптік кәсіпорындар 3 трлн теңгеге жуық өнім шығарды
Қарағанды облысы күрделі 2020 жылы экономикалық өсімді сақтап қалды. Өнеркәсіп өнімінің өндірісі 2,8 трлн теңгені құрады. Бұл көлемде айтарлықтай үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамикаға қол жеткізілді.
Бұл туралы онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте айтылды.
— Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 2,8 трлн теңге көлемінде 2%-ға өсумен болжануда. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 3,8%-ға артты. Темір кенін өндіру бойынша 4,4%-ға, жазық кен прокатын өндіру бойынша 23,1%-ға, тазартылған мыс өндіру бойынша 3%-ға ұлғайту күтілуде, — деп хабарлады экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.
Құрылыс, ауыл шаруашылығында да жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Облыста ет және сүт өндірісі артты.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны сақталды — 88,3 мың.
Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағдарламасы 44 мыңнан астам адамға көмектесті.
Облыстың сыртқы тауар айналымы 2020 жылы 4,1 млрд АҚШ долларын құрады. Қарағанды өнімі 3,6 млрд АҚШ долларына экспортталды.
— Пандемияға, ТЖ режиміне, карантиндер мен шектеулерге қарамастан, өткен жылы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізілді. Өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында өсім болды. Жұмыс орындары сақталды. Объективті себептер бойынша сауда мен көлік саласында жоспарланған индикаторларға қол жеткізілген жоқ. Осы қызмет түрлері бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, — деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. — 2021 жылға күн тәртібінде тұрған жаңа міндеттер мен мақсаттар қоямыз. Өңірлік жалпы өнім индексін 3,5-4% деңгейінде жоспарлап отырмыз. Ең бастысы жұмыспен қамту болып қала береді, барлық бағдарламалар бойынша 34 мыңға жуық жұмыс орнын ашу керек.
Инвестициялар 700 млрд теңгеден астам көлемде болады деп жоспарланған. Бірқатар ірі жобаларды іске қосу күтілуде: жаңа ферроқорытпа зауыты, полиметалл фабрикасы, шина шығаратын кәсіпорын және т. б.