«Алғыс айту күні»: мерекенің мәнін дұрыс түсініп жүрміз бе?

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында Алғыс айту күнін белгілеу туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсыныс білдірген еді. Кейін бұл бастама көпшіліктің қолдауына ие болды. Ал, 2016 жылдың 14 қаңтарында арнайы Жарлықпен 1 наурыз, яғни көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту күні» болып белгіленді.

«Алғыс алған – арымас» деген аталы сөз бар халқымызда. Расында да, алғыс айту да, алғыс алу да – үлкен мəнге ие. Алмағайып заманда жатты жатсынбай, құшағын айқара ашқан дархан пейілді қазақ – алғыс арқалаған халық. Кешегі Столыпин реформасы кезінде елге тұтас этностар депортацияланды. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық далаға əкеп тастады. Онсыз да күнін əрең көріп отырған қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп, қамқорлық танытты. XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей жəне Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды, ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркəсіп нысандарын тұрғызуға келген. Олардың бəрі Қазақстанда орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді. Міне, осы алмағайып тұста қазақ халқының кең құшағын, дархан көңілін көріп өскен өзге ұлт өкілдері мемлекет құраушы ұлттың ұлылығын түсініп, алғыс сезімдерін жеткізіп жатты. Араға бірнеше ондаған жылдар салып келген «Алғыс айту» күнінің басты мақсаты мен мəнінің өзі өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тəрбиелеу, Қазақстанда этникааралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту. Бұл күннің астарында қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру жатыр. Яғни, бұл күн қазір кең үрдіс ала бастағандай – жеке адамдардың алғыс айтуы емес, тұтастай халықтың бір-біріне деген шынайы пейілін білдіруге мүмкіндік беретін ерекше күн.
Өкінішке қарай, осынау ел өміріндегі маңызды күннің мəнін терең түсінбей, «ата-ана, бауырларыма, туыс-тұстастарыма алғыс айтамын» деп тізбектеп жатамыз. Əрине, асылында жақсылық жасаған адамға алғыс айту əр саналы азаматтың парызы. Оны осы атаулы күн аясына теліп, сол күні ғана рахмет-ризашылықты білдіру керек деген де қате түсінік болар еді. Алғыс айтқың келген адамға тəуліктің кезкелген сағат-секунды қолайлы емес пе? Əсіресе, ата-анаңа, бауырыңа, жақыныңа алғысыңды кез келген уақытыңда айт. Күнде айт, сағат сайын айт. Ол артықтық етпейді.
Ендеше… Қазақ халқына алғыс айту күні құтты болсын!

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.