Айла мен ақыл бәсекесі

Бейсенбі күні «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында аудандық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен  аудандық «АМАNАТ» партиясы ғимаратында шахмат пен дойбыдан жарыс өтті. Оған Ұлытау ауылының ардагерлері қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Думан Жұманов, Ұлытау ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Əлімбек Жандарбеков, аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сəттілік тіледі.

Тартысты дода ережеге сəйкес, айналмалы түрде өтіп, барлық қатысушылар өзара кездесіп, бақ сынасты. Бəсекелі сында қарттар қарсыластарына дес бермей, жеңіске жету үшін барын салды. Бірінен-бірі асып түсіп, айласы мен ебін асырғандар да болды. Өйткені, мұндай бəсекеге ардагерлер бірінші рет қатысып отырған жоқ. Осыған дейін де спорттың осы түрінен сайысқа түсіп, ойынның көрігін қыздырған жандар. Бұл жолы да ардагерлер тор тақта аясында ойлау қабілеттерінің ұшқыр екенін бір мəрте дəлелдеді. Сөйтіп, таңертең басталған ойын түске таман мəресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Жарыс соңында жеңімпаз атанған ардагерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, Ұлытау ауданының 85 жылдығына орай, ауданның құрдастары Қиятай мен Мағзұмбек ақсақалдарға аудан əкімінің сыйлықтары тапсырылды. Осылайша, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде ауыл ардагерлеріне партия тарапынан көңіл бөлініп, лайықты құрмет көрсетілді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.