Жезкиік тағдыр кешті…

Базарбай ағаның дүниеден өткенін естіп, есеңгіреп отырмын. Мезгілсіз өтті, небәрі 64 жасында бұл жалғанды тәрк етіпті.

Сонау жылдары облыс жабылып, жұрт Жезқазғаннан қопарыла көшіп жатқанда, Базарбай аға өзіне құт болған сүйікті шаһарын тастап кетпеп еді. Көшпей қойғаны өз алдына, мысты елдің үні «Дидар» телернасын жанын жалдап жүріп сақтап қалған-ды. Осы телеарна үшін көп күресті, көрмеген қорлығы қалмады. Ақыры, телеарнаны аман алып қалды.

Базарбай Әлеуханұлы түкпіргі елдің талапты жасына қамқор аға бола білді. Бірақ әдебиеттегі ағалары мен ондағы кейбір пысықай замандастарымен тіл табыса алмады ма деймін. Ол арасын анық білмеймін, әйтеуір, шығармашылық ортаға дендей кірмеді, өзін алшақ ұстап, саяқ жүрді.

Ер мінезді еді, «ешкіні апа, текені жезде» деу, оның салтында жоқ болатын. Бәлкім содан шығар, ол әдеби ортаға, басқа да түрлі алқалы жиындарға ұмтыла қойған жоқ.

Жасынан айнымас серігі жезқаламымен жеке қалды. Жезқаладан да ұзамады. Қаласын да, даласын да қимай, жезкиік тағдыр кешті…

Сөйткен азамат ер – жез қопарған кенді елдің қазығы іспетті еді. Елдің аузында оның есімі Жезқазғанмен қатар аталатын. Өйткені алыстан ат арылтып келген жақсы мен жайсаңды Базарбай аға қарсы алатын, сән-салтанатымен аттандырып салатын да өзі еді…

Ол біреуге жақсылық қылса, есепсіз қылатын. Атымтайдай жомарт, мырза көңіл – мәрт еді.

Ағамен екі-үш рет сапарлас болдым, сонша рет дәмдес болдым-ау деймін. Ұзақ жол ол кісімен жүргенде қысқарып, ал дастарқан қызығы ұзарып кететін. Себебі, қазақы әңгімеге қамшы салдырмас жүйрік, ән-күйге жаны құмар жан еді.

Ол – ақын еді, алайда ақынмын деген емес.

Ол – сатирик жазушы еді, бірақ жазушы едім деген жоқ.

Ол – жомарт еді, бірақ жария қылған жері жоқ.

Атақ іздемей, сый дәметпей, ел ішінде елеусіз ғана ғұмыр кешті.

Бастысы – ол өзі қабілеті мен қызметін алғаусыз арнаған елінің үлкен жүректі, абзал азаматы еді, бірақ елі оны біле қойған жоқ.

Осылай қадірі білінбей қаншама ерлер өтіп жатыр…

Бақұл бол, аға!

Көрмеген көшеңізден жарылқасын!

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
әнші, журналист.