Конституция – Тәуелсіздік тірегі
Тəуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда XІІ шақырылған Қазақстан Жоғары Кеңесінің ІX сессиясында қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституция жобасы қабылданды. Жыл сайын республикада бұл күн мемлекеттің басты мерекелерінің бірі болып аталып өтіледі.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Конституциясы демократиялық институттары жаңғыру, нығайту, азаматтардың əл-ауқатын арттыру жəне əлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену жолында қоғамды шоғырландырудың ең маңызды факторы болып табылады. Заңды білу – заман талабы. Бүгінде Қазақстан Республикасында демократияға бағытталған құқықтық мемлекет құру идеясын жүзеге асыру үшін əрбір азамат өз құқықтарын жете білуі, соған сай сана-сезімдерін қалыптастыруы керек. Азаматтың міндеті – заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан, өзіне жүктелген міндетін орындау. Өйткені заң дегеніміз – өмірдің нəрі. Заңның мықтылығы – адалдығы мен əділдігінде. Заңның басты мақсаттары – қоғамдағы əртүрлі мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тəрбиелеу. Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған бүкіл халық болып қабылданған Ата Заңды құрметтеу біздің міндетіміз. Қазақстанның əрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек. Конституцияны құрметтеу жəне сақтау арқылы оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана өз елімізді, Отанымызды тарихи құндылығымызды құрметтейміз жəне бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Өйткені біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі. Əділдік, заң үстемдігі, өркендеу, əр азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі — Қазақстан Республикасының Конституциясы. Конституциялық реформа, дала демократиясының озық үлгісі 2022 жылы қоғам сұранысына сай жаңа сипат алған Конституция халық таңдауы, əр азаматтың мүддесінен шыққан, əр адамның құқығы мен құндылығын қорғайтын басты құжат. Жаңа Қазақстан, жаңарған Ата Заң – Конституция күні құтты болсын!
Ұлытау ауданы қорғаныс істері бөлімі.