Аудан орталығы – жаңару жолында
Бүгін Ұлытау ауылының тұрғындары аудан орталығындағы бірқатар нысанның ашылу рәсіміне куә болды. Алдымен, Аманкелді көшесіндегі «Қатысу бюджеті» арқылы аудандық бюджет есебінен салынған жаңа балалар ойын алаңы ашылды. Лентасын аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, ауыл ақсақалдары Әлімбек Жандарбеков пен Ахметжан Жанұзақов қиды.
Жұмыстарды «ГИМАТС» ЖШС атқарған. Соңында балаларға тегін тәттілер мен балмұздақтар таратылды.
Аудан орталығындағы Абай көшесінде аудандық бюджет арқылы жарықдиодты арканың ашылу рәсімі өткізілді. Мердігер жеке кәсіпкер Қобылан Мұқашев.
Жаңа нысанның лента қию рәсіміне ауыл әкімі Талғат Абжаппаров, ауыл ақсақалдары Қиятай Сәрсенов пен Болат Ершұманов ие болды. Арканың ұзындығы 30 метр. Бұл жерге алдағы уақытта абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.
Ұлытау ауылына кіреберіс бас қақпадан бастап, жаңа бағандар қойылып, жол бойына жаңадан шамдар орнатылды. Жұмыстарды «Saryisyn Holding» ЖШС атқарып отыр.
Аталған іс-шараларға қатысушы ауыл тұрғындары аудан орталығындағы «Ұлар» саябағы алдында орнатылған субұрқақ жанына жиналды. Онда аудан әкімі Аманжол Батырбекұлы бұл аумақ алдағы уақытта толығымен темір қоршаумен қоршалып, абаттандыру жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді.
Ауыл ақсақалдары аудан орталығында жасалып жатқан істерді көріп, аудан басшысының атқарып жатқан еңбегіне шынайы ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.