15 мамыр – Аяулы қазақ қыздары күні
Наз-қылығы балдан тәтті,
Бақ-моншағын ардан тақты.
Аяулы қазақ қыздарының
Күні бүгін салтанатты.
Күн көзіне тұнған тылсым,
Еңлік-келбет,
Қорлан-мүсін.
Айналайын,
Айнамкөздер,
Аяулымсың,
Ардағымсың!
Кие қонып тұнығына,
Берік болған ырымына.
Ел сүйсіне көз тастаған
Тоғжандардың қылығына.
Әлиямның батырлығы,
Мәншүгімнің батылдығы.
Дүйім жұртқа дүрмек болған
Сара қыздың ақындығы.
Көркіне ешкім тең келмейтін,
Жүректі іңкәр ән тербейтін.
Баян сұлу,Қыз Жібектер—
Махаббатым мәңгі өлмейтін.
Қазақ қызы солай, дара:
Атқан таңым арайлана.
Ләззаттардың ерлігіне
Бас имейсің қалай ғана?!!
Сүйкімдісің қылығыңмен,
Сүйіктісің бұрымыңмен.
Айналайын,
Қазақ қызы,
Сен—Айымсың,
Күнім күлген!
Ырысы мол тұз-дәмінің,
Аламыз тек біз тағылым.
Бағы жансын қай кезде де
Аяулы қазақ қыздарының.
Ақын Наурызбай Жарбосынұлы.