Ақпейіл, жайдары көңіл

Халықаралық әйелдер мерекесі аясында аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы ардагер әріптестерін дөңгелек үстел басындағы кездесуге шақырды. Үстел басында «Кітапхана білім көзі, кітапханашы – оның тірегі» тақырыбы барысында әңгіме қозғалып, қатысушыларға мерекелік сыйлықтар мен гүл шоқтары ұсынылды.

Жүздесу кезінде ардагер кітапханашылар Балымша Жарасбаева, Гүлжамал Қойшыбекова, Райке Саймағанбетова, Әсия Қаленова тақырып аясында өздерінің еңбек тәжірибесінен кітапханашы мамандығының қиындығы мен қызығын еске түсіріп, әсерлі ой өрбітті. Әңгіме барысында «Кітап – рухани қазына» екенін айта келіп, сол рухани қазынаның кілтін ұстайтын кітапханашының күнделікті жұмысы мен қоғамдағы рөлін баяндады. Әңгімелесу кезінде аталмыш мамандықтың қыр-сыры ашылып, әдеп ұстанымдары қақында өнегелі ой түйіліп, тұжырымдар жасалды.

Шырайлы әңгіме ажарын жергілікті өнерпаздар мен мектеп оқушылары орындаған ән мен жыр айшықтай түсті. Бұдан кейін бұрынғы әріптестерінің өмірбаянына шолу жасалынып, қысқаша слайд көрсетілді. Шара төңірегінде тақырыпқа сай түрлі сұрақтар қойылып, нақты жауап бергендер сыйлыққа кенелді.

Кездесу түйінінде кітапхана басшысы Салтанат Ниязова дөңгелек үстел басындағы аналарға, қыз-келіншектерге ақжарма тілегін арнап, алғысын білдірді.

Жалпы, жүздесу нәтижесі кейінгі буын үшін әсерлі рухани шара болды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ