Жеңіс Қасымбек Қарағандыдағы жол жұмыстарының барысын тексерді

Қарағандыда Майқұдық шағын ауданындағы  көшелердің күрделі жөндеуі басты назарда. Бүгінде онда 85 бірлік техника жұмылдырылған.

Облыс орталығындағы жол жұмыстарының қарқыны мен сапасын өңір басшысы Жеңіс Қасымбек тексерді.

Майқұдықтағы Карл Маркс – Магнитогорская көшесіндегі жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Естеріңізге сала кетейік, ұзындығы 11 шақырым болатын ең ұзын қала көшелерін қайта жөндеу жұмыстары өткен жылдан бері жүргізіліп келеді.

Жол құрылысшылары қазіргі уақытта «Ұмай» СҮ-нен Восток-5 ықшамауданына дейін жұмыс жүргізуде.

Қазір коммуникацияларды оқшаулап, қаптау, топырақты тұрақтандыру жүріп жатыр. Жаяу жүргіншілер жолдары салынуда.

Мердігерлер барлық жөндеу жұмыстарын күзде аяқтауды жоспарлап отыр. Аялдамаларды абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары ауыр техника кеткеннен кейін жасалады.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі 7-ші магистральдегі күрделі жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын тексерді. Бұл жоба өткен жылы басталған болатын. Ұзындығы 9 шақырымға жуық тас жолда жаңа су құбырлары төселіп, асфальт негізі ауыстырылып, содан кейін оның үш қабаты төселеді. Жарықтандыру тіректері орнатылады.

Қала әкімінің орынбасары Сәбит Оспанов қазірде алты шақырымнан астам жол жасалғанын, 15 су өткізу құбырының екеуін ғана төсеу ғана қалғанын айтты.

Қазір Терешкова көшесінен айналма жол айрығына дейінгі және одан әрі Костенко шахтасы ауданындағы қиылысқа дейінгі учаскелерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келесі бағыт – Стартовая тұйық көшесіне дейін.

Жеңіс Қасымбек Сәтбаев көшесінің қалай жөнделіп жатқанын көріп қайтты. Бүгінгі күні жолдың бір жағында жұмыстар орындалып болып, қозғалыс ашылды. Екінші жағын маусым айының соңына дейін аяқтауға уәде беріледі.

Сонымен қатар, облыс әкімі жаңа жолдардың салыну барысын тексерді. Биыл, атап айтқанда, ұзындығы 5,4 шақырым болатын 14-шағын аудандағы автожолды пайдалануға беру керек.

Жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбек қала үшін тағы бір маңызды жоба – үшінші жылу құбырының құрылысын тексерді. Жаңа 20 шақырымдық магистраль Қарағандының Болашақ орталығы – Оңтүстік-Шығыстағы жылу тапшылығы мәселесін шешеді.

– Қазіргі уақытта бірінші сорғы станциясының құрылысы жүріп жатыр. Барлығы төртеу болады. Жылу магистралі үшін құбырлар сатып алынды. Жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Бағыт ЖЭО-3-тен қаланы айналып өтіп, Майқұдық артындағы автожолдың бойымен салынған. Тас жол ешкімге кедергі жасамау үшін тұрғын емес жерлерден өтеді. Көгілдір тоғандар мен Мұз сарайы ауданындағы қолданыстағы жылу магистраліне кіреміз. Келісім бойынша біз жұмысты 2022 жылдың соңында аяқтаймыз, – деді Сергей Фрик, жоба жетекшісі.

Аралау соңында Жеңіс Қасымбек балалар алаңдары абаттандырылатын Майқұдық шағын ауданының аулаларын қадағалап қайтты.