ӘР МӘСЕЛЕ – НАЗАРДА

Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Күн тәртібіндегі мәселелерге дейін өңір басшысы Ұлытау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысын таныстырды.

Күн тәртібінде отандық өндірушілерді дамыту мен қолдау шаралары, коммуналдық меншік нысандарын басқару және мемлекеттік сатып алуларды өткізу жайында мәселелер қаралды.

Облыс әкімі кәсіпкерлерге жасалып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының жоғары деңгейде жүргізіліп жатқандығын атап өтіп, ендігі кезекте өнім өндіру ісін алға қою қажеттігін ескертті. Бұл тұрғыда өңір басшысы кәсіпорын ашқысы келетін, өндірісін кеңейткісі келетін кәсіпкерлерге де көмек көрсетуді тапсырды. Ол бағыттағы жұмысты ширату үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен, «Ұлытау» ӘКК-мен бірлескен түрде түсіндіру жұмыстарын күшейту міндетін жүктеді.

Сондай-ақ кеңесте құқықтық құжаттары жоқ мүліктер мәселесі де көтерілді. Өңір басшысы бұл қордаланған мәселені кезең-кезеңімен шешу мақсатында Жезқазған қаласы әкіміне жол картасын дайындауды тапсырса, Жаңаарқа ауданы мен Қаражал қаласындағы нысандарды заңдастыру үшін жергілікті әкімдерге алдағы екі апта ішінде ұсыныс беруді жүктеді.

«90-шы жылдары өңірдегі бірқатар нысан жекенің қолына өтіп кетті, арасында негізсіз берілгендері болуы да мүмкін. Сондықтан бұл ғимараттарды мемлекет қажеттілігіне қайтаруды шұғыл қолға алуымыз қажет. Осы мәселе бойынша тиісті құжат дайындап, тізім жасауды, аталған мәселені құқық қорғау органдарымен бірлесіп пысықтауды тапсырамын», – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Кеңесте облыс басшысы мемлекеттік сатып алудың уақытылы әрі сапалы орындалуы қажет екенін тағы бір рет ескертті.

Құрылыс, абаттандыру, көгалдандыру және жолдарды жөндеу жұмыстарының кестеге сай жүруі конкурстардың уақытылы жүргізілуіне тікелей байланысты екендігін алға тартып, талап орындалмаған жағдайда 9 айдың нәтижесінде қорытынды шығарылатынын жеткізді.