ҰЛЫТАУ АҢЫЗДАРЫНЫҢ АҚИҚАТЫ: «Дыбыс» – кісі есімі

Әулиетау кереметтерінің қызықтырғаны сондай, жүрген жерімде, кез-келген ортада Әулиетау туралы ой қозғап, газетке шыққан материалдарымды өзіммен ала жүріп таратуды, насихаттауды әдетке айналдырдым. Осылай жасасам, біреу маған Әулиетауда болған қызықты оқиғасын жайып салатындай болады да тұрады…

2022-ші жылды балаларыммен Елорда төрінде қарсы алмақ болып, 29 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласына жолға шықтық. Оны білген елордалық Өмірбай інім мен Алма келінім «30 қаңтар күні біздің үйден дәм татасыздар, біраз жезқазғандықтарды шақырып жатырмыз» деді. Елордаға жеткен соң, кешкісін сол үйге бардық. Әдеттегідей «Сарыарқа» газетінің мақалам шыққан үш номерін әрқайсысынан 5-6 данадан ала барғанмын. Туған жерін сағынған болу керек, бас қалада тұратын жезқазғандықтар газетті қыл үстінен таласа бөліп алды. Университеттерде сабақ беретін тарих пен әдебиет саласының майталмандары жиналған екен. Әңгіме қызып, түрлі қызықты оқиғаларды ортаға салдық. Тамаша бір емін-жарқын отырып, саясатсыз сырласқан кеш болды.

Сондағы әңгімелердің ішіндегі ерекше назарымды аударған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, тарихшы-ұстаз Құралай Отаубайқызының айтқан оқиғасы болды. Елдің адамы болғаннан кейін Отаубай ағаны да, Дыбыс жеңгейді де жақсы білетінмін. Талай дәмдес болған жандар. Бірақ, «есімін не себепті «Дыбыс» деп қойды екен?» деп ойлағаным болмаса, қазбалап сұрамаппын. Оның сырын сол отырыста қызы Құралай ашты.

«Нағашы атам Қасымбек Баймендеұлы – Ұлытау өңіріне белгілі жан. Үлкен қызметтер атқарған. 1905 жылы қазіргі Ұлытау ауданы, Терісаққан ауылында туып, қасиетті Ұлытау топырағында, Шеңбер ауылында 1987 жылы 82 жасында дүниеден өтті. Руы – орта жүздің ішіндегі арғынның төртуыл тармағының Жауғаш атасынан тарайды. Жолдасы – нағашы әжеміз Орынбасар Барыстанбайқызы – руы найман, бағаналының мәйгелді тармағынан тарайтын Қосай елінің қызы.

Атамыз елдің біраз адамымен және бауырларымен ашаршылық жылдары Терісаққан бойынан қарашаңырақ Қарсақбайға қоныс аударған. Оның басты себебі – Қарсақбайдағы өндіріс ошағына жету. Онда жетсе, өзек талмайтыны белгілі. Мыс қорыту зауытының грамдап беретін наны үшін, ол кезде аяғы жеткендер Қарсақбайға ағылды ғой.

Қасым Баймендеұлы 1934-1942 жылдары Қарсақбай кентінде ұстаздық қызмет атқарған. Ұстаздық қызмет атқара жүріп, 1935 жылы ел аштықтан есін жия бастағанда, Жезді-Қарсақбай өңірінің ірі байларының бірі болған Барыстанбай байдың қызы Орынбасарға үйленеді.

Атамыз Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Соғыста бөлім, взвод командирі болған. 1944 жылы ұрыс даласында жараланып, елге оралады. Отан қорғаудағы ерліктері үшін «Даңқ» орденімен, «За отвагу» және тағы басқа медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін Ұлытау ауданының Талап, Калинин, Аманкелді колхоздарында басқарма төрағасы болып 15 жыл қызмет атқарған. Атамыз Аманкелді колхозында жүргенде еселі еңбегі үшін аудан бойынша тұңғыш рет қызметтік «Победа» автомобилі берілген екен. Одан кейінгі жылдарда Ұлытау аудандық халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мекемесінде, аудандық тұтынушылар одағы саласында басшылық қызметтерді абыроймен атқарған.

Жалпы, нағашы атам 9 ағайынды екен. Тоғыз ұлдың тоғызы да білімдар, дарынды, дәулетті болғанымен, әрқайсысында  бір-екі баладан ғана болыпты. Ал, нағашы атамда отау құрғандарына 15 жыл болса да, не ұл, не қыз болмаған. 

Үнемі ат үстінде қызметте жүрген атамызға ел ақсақалдары «Сен біраз жылдан бері кішкентайлы бола алмай жүрсің ғой, іргеде қасиетті Әулиетау тұр, соған барып неге мінәжат етіп қайтпайсыңдар?» деп айта берсе керек. Бірақ, компартия талаптарын орындап жүрген атамыз оған бой ұсына қоймағанға ұқсайды. Жұрттың айтқанымен әулие-әмбие аралап жүру колхоздың басқарма төрағасына ұят шаруа екені де анық. Әйтсе де, «Әулиетауға барсаң қайтеді?!» деген үлкендердің сөзі үнемі атамыздың жадында тұрады.

Елуінші жылдары Қасым атамыз Талап колхозының басқарма төрағасы қызметінде болыпты. Колхоз жұмысын ұйымдастырумен үнемі үйге кеш қайтады  екен. Шіліңгір шілденің бір күнінде әдеттегідей кеш келіп, шаршағандықтан ас-суын ішіп, ертерек жатып қалса керек.  Таңның ерте рауандайтын шағында шырт ұйқыда жатқан атамызға аппақ болып киінген алпамса денелі ақсақал келіп: «Әй, Қасым, сен қиналып жүрсің ғой.  Ақсақалдарды тыңда! Қасиетті Әулиетаудың басына шығып, бозқасқа шалып, сонда түнеңдер! Алла қаласа, қызылшақадан  құралақан болмайсың» депті де, көз алдынан бұлдырап жоғала беріпті. Бұлдырай жоғалған елеске еріп, төсектен басын көтерген атамыз ояна кетсе түсі екен.

Бұл елуінші жылдың жаймашуақ жазы болса керек. Көрген түсін зайыбына айтып, атамыз қасиетті жұманың кешінде Әулиетауға барып түнеуді ниет етеді. Бозқасқа қойын дайындап, Әулиетаудың етегіне апарып, дұғасын оқып, құрбандық шалады. Құрбандыққа шалынған малдың етін аш шегін де қалдырмастан 12 жілікке бөліп,  Ұлытау ауылындағы жамағайындарға таратып береді. Сөйтеді де,  «ел орынға отырды-ау» дегенде, жұрт көзіне түспей, зайыбын жетектеп, Әулиетауға тартады. Қол ұстасқан екеуі батар күннің қызылымен таласып тау басына жеткенде, ымырт үйіріліп, қою қараңғылық та түсе бастайды. «Білмеген жердің ой-шұңқыры көп» демей ме? Қараңғыда әупірімдеп жүріп, Зердеш баба үңгірін зорға табады. Ембұлақтан құтыға құйып алған суларын ұрттап, іштей тілектерін тілейді.

Әжеміздің айтуынша, көзі ұйқыда болса да көңілі ояу отырған атамыздың көзіне сәулелі нұрдың ішінде қалықтап тұрған сәби бейнесі көрінген екен. Өзіне өзі сенбей жаймен ғана көзін ашқанда, күншығысқа қараған үңгір аузынан көкжиектен енді көтерілген күннің сәулесі жүзіне найзадай қадалып тұрғанын аңғарады. Мұны «Әулиетаудың кереметі ме?» деп ойлайсың…  Атамыз бәйбішесіне көргенін  айтып, Әулиетаудың шыңына шығып, басындағы жеті әулиеге білгендерінше дұғаларын бағыштап, таң бозара ауылға беттейді.

Ниеттерін Алла қабыл етіп, 1951 жылдың 1 шілдесінде өмірге қыз бала келеді. Ауыл болып қуанып, көп болып бата берісіп, «16 жылдан кейін шаңырағымызда нәрестенің дыбысы шықты» деп, сәбиге «Дыбыс» деп есім береді. Бұл әңгімені бізге нағашы әжеміз  айтып беріп еді. Менің анам Әулиетаудың шапағатымен өмірге келсе, «Дыбыс» деген есімі, міне, осындай тарихи оқиғамен байланыстырылған екен» деп сөзін аяқтады Құралай.

Бүгінгі күні Дыбыс Қасымқызы – зейнеткер ұстаз. 1968-1972 жылдары Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқып, диплом алған соң Шеңбер совхозындағы №2 Қорғасын орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. Aуылдық совет депутаты болып сайланған. Жолдасы Отаубай екеуі ел үшін қызмет жасайтын тәрбиелі, адамгершіліктері жоғары балаларды өсіріп отырған ата-ана. Алла берген немерелерінің атасы мен әжесі.

«Жақсы ниет – ниет қана қарасаң,

Дұрыс оны іс қылуға жарасаң» – деген екен Жүсіп Баласағұн. Расымен де өз тәнін бағындыра білген адам, өз рухын да бағындыра алады ғой. Қызыл коммунистің жүрегіне иман нұрын құйып, иландыра білген неткен құдірет десеңізші! Қазақтың «Егер Құдай анық бар болса, онда ол сенің әрі әкең, әрі шешең» дегеніне шүбәсіз сеніп, күмәнсіз тоқтайсың.

Бағдат БАЙЖАНТАЕВ,

ақын, өлкетанушы.