Қара қазан – қасиеті

«Халық айтса, қалт айтпайды» дейді бабаларымыз. Бүкіл ырым-тыйымдардың астарына зер салып, зерделесек, дүниедегі бар қауіп-қатерден сақтандырып кеткенін байқайсың. Шындығында қазақ халқы тілге бай, ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпқа берік, оны қалт жібермей қатаң сақтайтын халық. Сонымен қоса, өзіндік тәрбиелік маңызы зор, ырым-тыйымдары бар. Солардың бірі «Қарашаңырақ», «Қара қазанды» қастерлеу. Бұл екеуі бір-бірінен ажырамайтын қасиетті егіз ұғым. Мәселен, халқымыз «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деген қанатты сөзінің астарына зер салсақ елу жылда елдің адамдары өзгеріп жаңа буын келеді, ал жүз жылға дейін «қасиетті қара қазан сақталады, ол ұрпақтың иелігіне өтіп, қазанды ұстайтын сол қара шаңырақтың ұрпағы болады дегенді білдіреді. Кей кезде жас баланы тіл-көзден сақтау үшін оның маңдайына қара қазанның күйесін жағып қояды. Өйткені, қара қазан үйдің ырысы-берекесі. Онысы рас, қазақтың қара қазанға қатысты ырымдары көп. Қандай қиын-қыстау күнде де, қазақ қара қазанын ескi жұртқа тастамаған, тiптi алып жүру мүмкiн болмаған жағдайда қазанға өзiнiң ырымын жасап көмiп кетiп отырған. Ондағы мақсаты үйден қазан кетсе, “ырыс-несiбемiз, құтымыз кетедi” деп санаған. Сондықтан болар, қазақ халқы ешуақытта қазанды сыйға бермеген.

Себебі, қара қазан – қазақтың жетi қазынасының бiрi. Қазақтың дауылпаз ақыны Махамбет батыр да “Қара қазан, сары баланың қамы үшiн!” деп атқа мiнген жоқ па едi?! Аталарымыз қазанды тiршiлiктiң қайнар көзi, үйдiң ырыс-берекесі деп санаған. Қазақ қызға ешқашан қазан бермеген. Қайтыс болған адамның моласы бұзылса, түске кіріп мазаласа, басына қазан апарып қойған. Сол сияқты, қайтқан кісінің соңынан тұқымдары ауру-сырқаусыз, белгісіз себептермен өле берсе, құран оқытып, басына қазан төңкерткен. Біздің елде қазанға қатысты тағы бір ырым бар. Ол суға батып кеткен адамды қазан арқылы табу. Егер, адам суға кетсе, үйіндегі қазанын төңкеріп суға жібереді екен. Мұндағы Алланың құдіретін қараңызшы, әлгі қазан адам батқан жерді айнала жүзіп тұратын болған. Суға батқан адамды осылай тауып алған деседі.

Түптеп айтқанда, қара қазан татулықтың, береке-бiрлiктiң символы ретiнде танылады. Ендеше, қара халықтың асыраушысы, қасиет тұнған қара қазанды қастерлей білейік!

Гүлсұлу БАЛДУОВА,

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің қызметкері.