1 млн. теңге ұлытаулықтарға бұйырды

№1 Ұлытау және №6 Жезді орта мектептерінің құрама командасы ІІ орынды жеңіп алып, 1 млн. теңгенің сертификатын иеленді. Команда мүшелерінің әрқайсысына «Технодом» сауда үйінің 10 мың теңге қаржысы бар карточкалары табысталды. Олардың жетекшілері Лаура ӘЙТЕНОВА мен Айнұр ӘЙДІКОВАҒА Алғыс хат берілді. Ұлытаулықтар бұл жетістікке «Менің Отаным – Қазақстан» республикалық слетінің облыстық кезеңінде қол жеткізді.

Іс-шара 20-22 маусымда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Балқаш маңындағы «Бектау-Ата» шатқалында орналасқан «Алау» балалар сауықтыру лагерінде жастардың туристік экспедицияларының қатысуымен өткен еді. Оның мақсаты – «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттау, жасөспірімдерді патриотизмге тәрбиелеу, туған жерге сүйіспеншілігін қалыптастыру.

Слетке Қарағанды облысына қарасты қалалар мен аудандар мектептерінен 16 команда (200 оқушы) қатысты. Ұлытау командасының құрамында 8 жеткіншек болды. Алғашқы күні «Достық» алауы айналасында «Бард әндері» байқауы ұйымдастырылды. Қатысушылар келесі күні «Жас өлкетанушы», «Туған өлке соқпақтары», «Ең керемет туристік өлке», «Туған өлкенің тарихы», «Экологиялық соқпақ» тақырыптары аясында ғылыми-зерттеу жобаларын қорғады. Бұдан кейін командалар топографиялық карта арқылы таулы аймақтан қазына табу мен алғашқы медициналық көмек көрсетуден шеберлік сынасты.

Осы орайда, тағылымы зор шара өлке тарихын насихаттауға айтарлықтай дәнекерлік еткенін айта кеткен жөн.

Қайрат ЖҰМАБАЙ