№1 Ұлытау орта мектебі ұжымының аудан жұртшылығына ҮНДЕУІ

Қымбатты жерлестер! Қадірлі әріптестер!

Өткен жылдан бері күллі адамзат, соның ішінде, біздің еліміз де дүниежүзін жайлаған коронавирус індетімен күресіп келеді. COVID-19 және соның әсерімен қабылданған карантиндік шектеу шаралары әлем экономикасының дамуына тежеу қойып, барлық мемлекеттерді қыспаққа алды.

Қазақстан бұл қатерге тегеурінді тойтарыс бере білді. Ел басшылығы азаматтардың денсаулығын сақтау және ұлттық экономиканы қолдау үшін шұғыл әрі батыл іс-әрекеттер жасап жатыр.

Дегенмен, әлі де босаңсуға болмайды. Індеттің беті қайтқан жоқ. Біз өз қызметкерлерімізді осынау қауіпті кеселден қорғау үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Өйткені, олар – біздің басты байлығымыз. Бұл ретте вакцина алу мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Бүгінгі күні пандемияны жеңудің жалғыз жолы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтқандай, халықты жаппай вакцинациялау. Індетке тосқауыл қоюдың басқа баламасы жоқ.

Қазір халқының жартысынан көбі вакцина алған елдерде, мысалы, Израиль мен Ұлыбританияда коронавирусты жұқтыру мен өлім-жітімнің күрт төмендегенін байқауға болады. Ал керісінше, вакцинациялау науқаны қарқын алмаған мемлекеттерде вирус түрленіп, оның бұрынғыдан да қауіпті жаңа штамдары тарап жатыр.

Елімізде мұндай жағдайға жол бермеудің жалғыз амалы – тез арада ұжымдық иммунитет қалыптастыру.

Ел тарихындағы шешуші кезеңде әрқайсыңызды барынша парасаттылық танытып, вакцина алуға шақырамыз. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.

Барлық қиындықты бірге еңсеріп, кемел келешекке аяқ басатынымызға сеніміміз кәміл!