Жеңіс Қасымбек ел мерейін үстем еткен боксшылармен кездесті
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек боксшылар Милана Сафронова және Абылайхан Жүсіповпен кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, олар бокстан Азия чемпионатында 64 және 69 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде алтын және күміс медаль жеңіп алды.
Спортшылар өңір басшысына өздерінің жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
Милана Сафронова, кез-келген спортшы сияқты, Олимпиада ойындарына қатысуды армандайды. Ол үшін бойжеткен басқа салмақ санатына – 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне ауысуды жоспарлап отыр.
– Бізді қолдап отырғаны үшін өте қуаныштымын. Спортшылардың биіктерге жетуге деген ынтасы одан да арта түседі. Мен қазір қазан айында Будапештте өтетін әлем чемпионатына дайындаламын. Жаңа бапкер Александр Стрельниковпен жұмыс істей бастаймын. Ол Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевті дайындаған. Егер бәрі ойдағыдай болса, Мен келесі Олимпиада ойындарына қатысуым мүмкін, – дейді Милана.
Өз кезегінде Абылайхан Жүсіпов Олимпиада ойындарына қалай дайындалып жатқандығымен бөлісті.
– Біз жақында Азия чемпионатынан келдік. Қарағанды облысы екі медаль алды – алтын және күміс. Алматыдағы кезекті жиындардан кейін бізді Токио Олимпиадасы күтіп тұр. 23 шілдеде жарыс басталады. Менің салмақ дәрежемде 24 боксшы болады. Әрине, біз олардың жекпе-жектерін қарастырамыз, талдаймыз. Ең маңызды жарыстарға дайындаламыз. Барлық қарсыластар мықты деп ойлаймын, – деді Абылайхан Жүсіпов.
Жеңіс Қасымбек алдағы жауапты жарыстарда боксшыларға сәттілік тіледі: Абылайханға Олимпиада ойындарында, ал Миланаға әлем чемпионатында.