Сыңғырла, «Соңғы қоңырау!»

Ұлытау өңіріндегі білім ұяларында күміс қоңырау соңғы сыңғыры естіліп,  жұртшылық түлектерге сәт сапар тіледі. Биыл аудан бойынша 116 бала мектеп бітірді. Олардың тоғызы – Алтын белгіге,  сегізі үздік аттестатқа үміткер. Солардың ішінде, Алтын белгіге бес үміткер, үздік аттестатқа жеті үміткер – №1 Ұлытау орта мектебінен. Аталған білім ошағынан 11-сыныпты отыз сегіз түлек тәмамдап отыр. Жиынға аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ онлайн форматында қатысып, ата-аналарды, ұстаздар қауымы мен түлектерді ақжарыла құттықтады.

«Соңғы қоңырау» салтанаты Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Алдымен, Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран ойналды. Мектеп директоры Қанат Жылқыбаев жұртшылыққа жүрекжарды лебізін арнады.Ол карантин кезіндегі мұғалімдер еңбегін ерекше атап өтті. Шәкірттеріне Ұлттық бірыңғай тестілеуде сәттілік тіледі.

Тағылымды ой, татымды сөзді сексен бес жастағы Балымша әже әдемі өрбітіп, ата-аналар атынан ақ батасын берді. Қария ұстаздар еңбегін жоғары бағалап, мектептегі білім мен тәрбие өз жемісін беретініне сендірді.

Өз кезегінде түлектер ұстаздарына гүл шоқтарын ұсынып, алғыс айтты. Алғашқы ұстаздары шәкірттеріне сәт сапар тіледі. Таңдайлары тақылдап, тақпақ оқыған «біріншісыныптықтарға» жас түлектер сыйлықтар табыстады.

Білімнің «Алтын кілтін» үздік аттестатқа үміткер Айбар Әбікен 10-сыныптың озат оқушысы Досжан Қуанышбековке тапсырды.           

Соңғы қоңырау соғу құрметіне Алтын белгіден үміткер Бекзат Тақан, үздік аттестатқа үміткер Дана Қали және 1 сынып оқушылары Дінмұхамед Азатұлы мен Назым Қайырбек ие болды. Осы сәтте ән әуезі қалықтап, мектеп бітірушілердің қоштасу вальсіне ұласты.

Жиын соңы 38 түлектің тақырыптық мазмұндағы шағын концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ