Қазақтың тұңғыш дәрігер қызы
Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер Аққағаз ДОСЖАНОВАНЫҢ есімін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Ол – жай ғана дәрігер емес, Алаш партиясының мүшесі ретінде ұлттық мүддеге қызмет еткен жан. Аз ғана ғұмырында үлкен іс тындырған аяулы қыз туралы мереке қарсаңында елге жария етуді жөн санадық.
Аққағаз Досжанова 1893 жылы Орынбор губерниясы, Торғай облысы, Ақтөбе уезі, Бөрте болысы, 5-ауылда туған. Бұл – қазіргі Мәртөк ауданына қарасты Бөрте ауылы.
Ата-анасынан айырылып қаршадайынан жетім қалған Аққағаз бірге туған бауыры Сағындықтың тәрбиесінде өседі. Ағасы бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған, Ыбырай Алтынсариннен тәлім-тәрбие алған көзі ашық адам болады. Орынбор қаласындағы мұғалімдер семинариясын бітіріп, мұғалімдік қызмет атқарған. Сағындық қарындасын да өз мектебінде оқытып, орысша, татарша білім береді.
Аққағаздың білімге құштарлығы мен қабілетін байқаған бауыры оның әрі қарай оқуы үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Аққағаз алғашқыда Орынбордағы қыздар гимназиясын, содан кейін Мәскеудегі жоғары әйелдер курсының дәрігерлік факультетін бітіреді. Аққағаздың бұл оқу орнына түсуі үшін ағасы 1912 жылы 15 маусымда Торғай облысының губернаторына өтініш жазып, болыстың стипендиясы есебінен қарындасын оқуға жіберуді сұрайды.
Осылайша, Аққағаз Мәскеуге аттанады. «Қайырымды медбике» куәлігін алып шығады. Оқудан басқаға мойын бұрмай, үнемі ашқұрсақ жүретін Аққағаздың сол уақытта денсаулығы сыр беріп, дәрігерлік факультетті ерте аяқтауына тура келеді. Куәлігін алып елге қайтқан қыз бір жылдай тынығып, денсаулығын түзеп, қайта оралады. Ол бір орында тұрақтап қалмай, оқуын әрі қарай жалғастыруды көздейді.
Аққағаздың Томск университетінің медицина факультетінде оқып жүрген кезі Қазан революциясымен тұспа-тұс келді. Медбике болғандықтан, госпитальмен Польшаға дейін барып, жаралы солдаттарға көмек көрсетеді. Сөйтіп, дәрігер қыз Томскіге барады. Соғыстың кесірінен бұл жердегі медициналық университетте студенттер саны азайып қалған. Осыны естіген Аққағаз ойланбастан құжатын тапсырып, оқу орнының екінші курсына қабылданады. Кейін Ташкентте Орта Азия мемлекеттік университеті ашылғанда осы оқу орнының студенті атанады. Оқи жүріп, қалалық акушерлік-гинекологиялық емханада жұмыс істеп, тәжірибесін шыңдай түседі.
Сол тұста Ташкентте балаларға арналған екі-үш интернат болған. Аққағаз аш-жалаңаш жүрген қазақ балаларын интернатқа орналастыруға белсене атсалысады. Ауру балаларды емдейді. Интернаттың тазалығы мен науқас балдырғандардың сауығып кетуін үнемі қадағалап жүреді.
Орысша таза сөйлейтін Аққағаз өз ойын ашық айтатын өжет те болған. 1917 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен жалпы мұсылмандар съезіне делегат ретінде қатысып, мұсылман әйелдердің проблемасын көтерген 4 делегаттың бірі болады. Қазақ әйелдерінің мәселесін көтеріп, сол кездегі мерзімді басылымдарға мақалалар жариялап тұрады. Мәселен,1921 жылы 11 қыркүйекте «Степная правда» газетінде ел ішінде белең алған жұқпалы аурулардың қаупі туралы «Түркістанда» деген мақаласы жарық көрген. Алаш партиясының мүшесі ретінде ұлт мүддесі үшін әрекет етеді. Қазақ қыздарының қалың малға сатылуы, білім алуы секілді проблемаларды сол кездегі басылымдарда жиі көтереді.
1922 жылы Аққағаз Ташкент университетін ойдағыдай аяқтап шығады. Түркістан Республикасының Халық Комиссарлары Кеңесі 1922 жылы 14 желтоқсанда қаулы қабылдап, Шығыс қыздарына арнап Халық Комиссариатының қаржысы есебінен Аққағаз Досжанова атындағы стипендия тағайындалатыны жөнінде жария етеді.
Сол жылдың 20 желтоқсанында «Правда» газетінде мынадай қысқаша хабар жарияланады. «Түркістан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесі осы жылғы күзде Түркістан мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген тұңғыш дәрігер әйел Аққағаз Досжановаға 100 мың сом сыйлық беріп және үкімет қаржысы есебінен оған кабинет жабдықтау жөнінде қаулы қабылдады.
А.Досжанова – Түркістан Республикасында жоғары білім алған тұңғыш әйел. Ташкент. 18 желтоқсан, 1922 ж.».
Аққағаз Досжанованың өмір сүрген уақыты дәрігер мамандардың тым тапшы кезі еді. Сондықтан, оның терапевт, акушер-гинеколог, дерматолог секілді медицинаның бірнеше саласын қатар алып жүруіне тура келді. Күн демей, түн демей науқастарға көмек беріп, адам жанының арашашысы болды. Осындай қиын-қыстау күндерде дәрігер басқа халықтарға қарағанда қазақтардың өкпе ауруына көбірек шалдығатынын байқайды. Осы қауіпті де жұқпалы сырқаттарға шалдыққан жандарды емдеп жүріп, өзі де дертке шалдығады. 1932 жылы 21 қаңтарда небары 39 жасында Шымкент қаласында көз жұмған.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.